Қазақ КСР білім беру министрі болған Қажахмет Балахметов қайтыс болды

Бүгін отандық білім беру ісінің корифейі, Қазақ КСР білім беру министрі болған Қажахмет Балахметов өмірден өткендігі туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты. Қажахмет Балахметұлы — еліміздің білім беру саласын дамытуға баға жетпес үлес қосқан адам. Ол бұл саланы 13 жылдан астам басқарып, балалар мен жастарды оқыту мәселесіне ерекше назар аударатын. Соңғы рет Қажахмет Балахметовпен биыл жазда 95 жас мерейтойымен құттықтап барғанымда кездесіп едік. Ол үнемі білім беру ісіндегі жаңалықтарды қадағалап, өз тәжірибесін бөлісіп отыратын. Қажахмет Балахметұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын, — деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Министр Асхат Аймағамбетов Қажахмет Балахметовпен бірге түскен фотосын да қоса жариялады.

Асхат Аймағамбетов Қажахмет Балахметовпен бірге. Фото министрдің Facebook-парақшасынан