Фестиваль Born Nomad — Power Awards 2021 байқауына қатысқан қолөнершілер жасаған бұйымдар жәрмеңкесінен басталды. Керуен-сарайдағы бұл қатар қала және фестиваль қонақтарына орта ғасырлардағы жәрмеңке базарларын еске түсірді.
Форумның Түркістанда өтуі де кездейсоқтық емес. Түркістан — қолөнер шеберлері ежелден бұйымдарын сатып, тәжірибе алмасқан, білімін шыңдап, шекараларын кеңейткен Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі қала.
Born Nomad форумына қатысқан АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж бұл жобаның мақсаты қолөнермен айналысатын әйелдердің кәсіпкер болуына көмектесу болғанын айтты.
Born Nomad жобасы кәсіпкер әйелдерге мүмкіндік береді, ал олар Қазақстанның бірегей мәдени мұрасын дүниежүзіне танытады. Әйел мүмкіндіктерін кеңейту — Америка Құрама Штаттарының сыртқы саяси басымдылықтарының бірі. Әрі мен үшін де бұл — үлкен басымдық, – деді бас консул Кэролайн Сэвидж.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев ұлттық қолөнершілер байқауы және форум Қазақстан қолөнершілерін дүниежүзіне танытуға ықпал ететіне сенім білдірді.
Born Nomad жобасы 2 000-нан астам қолөнершінің назарына ілігіп, оның ішінде 410 қолөнерші білімін шыңдап, бизнес дағдысын жетілдірді. 2021 жыл креатив экономиканың жылы болып жарияланғаны белгілі. Бізде қолөнер кәсіпкерлігін жаңа деңгейге шығарудың ерекше мүмкіндігі бар. Бұл, әсіресе, әйелдер бизнесі үшін өте маңызды. Біз «Атамекен» тарапынан барлық қолдауды көрсетуге дайынбыз, — деді Олжас Ордабаев.
Born Nomad ұлттық байқауының жеңімпаздары алты номинация бойынша марапатталды. Олар: дәстүр, жаңашылдық, қолөнерші әйел, жас талант, 3D-дегі қолөнер, сонымен бірге шығармашылық ынтымақтастық.
«Дәстүр» номинациясы бойынша:
3-орын – Зухра Елубаева (Маңғыстау облысы);
2-орын – Светлана Бестюбаева (Алматы облысы);
1-орын – Мәдина Ахметова (Шымкент).
«Жаңашылдық» номинациясы бойынша:
3-орын – Алтынбек Ермұқан;
2-орын – Құралай Жақсыбаева (Алматы);
1-орын – Әсел Мектепбаева (Нұр-Сұлтан).
«Қолөнерші әйел» номинациясы бойынша:
3-орын – Венера Бейісбекова (Нұр-Сұлтан);
2-орын – Галина Переплеткина (Қарағанды облысы);
1-орын – Дамира Әбікенова (Нұр-Сұлтан).
«Жас талант» номинациясы бойынша:
4-орын – Ақжол Жұртыбай (Қарағанды облысы);
3-орын – Зарина Черняева (Солтүстік Қазақстан облысы);
2-орын – Мадина Нұрпейісова (Алматы);
1-орын – Әсел Мектепбаева (Нұр-Сұлтан).
«3D-дегі қолөнер» номинациясы бойынша:
2-орын – Берік Бейсеков (Шымкент);
1-орын – Айжан Тіленбекова (Алматы облысы).
«Шығармашылық ынтымақтастық» номинациясы бойынша:
3-орын – Сәуле Қабидулова (Қостанай облысы);
2-орын – Әсел Хайрулла (Ақтөбе облысы);
1-орын – Балнұр Ахметқазиева (Нұр-Сұлтан).
Ал гран-при иегерлері:
3-орын – Берік Бейсебеков (Шымкент);
2 орын – Әсел Мектепбаева (Нұр-Сұлтан);
Жеңімпаз – Дамира Әбікенова (Нұр-Сұлтан).
Фестиваль жеңімпазы, зергер Дамира Әбікенова 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Зергерлікпен айналысып келе жатқаныма бес жыл болды, бірақ әуеліде мұны ұғыну оңай емес деп қорықтым. Сыртқы жарнама бойынша жеке бизнесім болды. Осы тәжірибем бұл істе көп көмектесті. Қазір зергерлікпен айналысу мені асырап отыр деп айта аламын. Жеке кәсіпкермін, салық төлеймін, сатып алушыларға чек шығарамын, есеп беріп отырамын, бұл жағынан заңға бағынатын кәсіпкермін, — дейді Дамира Әбікенова.
Форумда Қазақстанда қолөнермен айналысудағы проблемалар, оның ішінде мемлекет тарапынан берілетін көмек, сонымен бірге бұл кәсіптегі әйелдерді қолдау тақырыбы талқыға түсті. Сессияның бірі қазақ қөлөнерінің дүниежүзі креатив индустриясында алатын орнына арналды.
Еске салайық, 2021 жылы маусым айында АҚШ Дипломатиялық миссиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жариялаған бұл байқауға еліміздің 2 000-нан астам қолөнершісі қатысқан.
Байқау дәстүрлі қолөнерді насихаттап, мәдени мұраны сақтау арқылы әйелдердің экономикалық дамуы мен кәсіпкер әйелдерді қолдауға арналған «Қолөнерші мүмкіндіктерін кеңейту» атты ауқымды жобаның аясында өтті.