Алматыда үлескерлерден қаражат тартуға қандай компаниялар рұқсат алды?

Қадағалау органы мәліметінше, мегаполистегі 52 көпқабатты тұрғын үй кешені үлескерлерден қаражат тартуға рұқсат алған. Олардың бірқатары пайдалануға берілгені айтылды. Алайда 43 тұрғын үй құрылысы аяқталмаған.

Тұрғын үй кешені деректер тізімін Қалалық құрылысы және урбанистика басқармасы сайтынан табуға болады.

Қазақстанда үлескерлік үш жолмен ұйымдастырылады: екінші деңгейлі банктің нысанды қаржыландыруы, көппәтерлі үйді тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту, сондай-ақ қазақстандық тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторынан кепілдік алу, — деді Алматы прокуратурасындағылар.

Алғашқы екі жағдайда құрылыс салушы үлескерлерден қаражат тарту үшін әкімдіктен рұқсат алуы керек, ал үшінші жағдайда бір оператормен кепілдік шарт жасасуға міндеттеледі.

Құрылыс салушыда көрсетілген құжаттар болса, азаматтар мен заңды тұлғала қаражатының сақталуына кепілдік беріледі. Сондықтан кепілдік алу үшін әкімдік рұқсаты немесе бірыңғай оператор кепілдігі бар нысандарға ғана инвестиция салуға шақырамыз, — деп толықтырды қадағалау органы өкілдері.

Қала прокуратурасы үлескерлер баспана сатып алу кезінде рұқсат құжаттарымен танысуды талап етуге құқылы екенін айтты. Ал тараптардың құқықтық қатынасы әкімдікте тіркелген үлестік қатысу туралы шартпен ғана қамтылады.

Басқа мәмілелерді жасау заңсыз және олар жарамсыз деп танылады.

Прокуратура құрылыс салушылар тарапынан заң талаптарын сақтау мәселесіне талдау жасап жатыр. Оларды бұзғаны үшін жосықсыз құрылыс салушыларға қарсы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деп ескертті прокурорлар.