Басты бетЖаңалықтарАлматыда оқу...

Алматыда оқу жылынан бастап 74 мыңнан аса адам ЖРВИ жұқтырды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Сәдуақас Байғабылов алматылықтарды санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларын сақтауды жалғастыруға шақырды. Өйткені шекаралас елдерде COVID-19 жағдайы нашарлап жатыр.

Алматыда эпидемиялық жағдай оптимистік сценарий бойынша дамып келе жатқанына қарамастан, жеке қорғаныс құралдарын назардан тыс қалдырмау керек, қолды жиі жуу, антисептиктермен өңдеу, қашықтықты сақтау, үй-жайларды желдету қажет. Вакцинация өзіңізді қорғауға көмектеседі. Біз «сары аймақта»екенімізді есте ұстаған жөн, бұл коронавируспен күрес шараларының сақталуын бақылауды күшейтуді білдіреді, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Санитар дәрігердің айтуынша, 1 қыркүйектен бастап азаматтар арасында ЖРВИ-дің 74 426 жағдайы тіркелген. Былтыр осы кезеңде барлығы 17 731 жағдай болды.

Айта кетейік, Алматыда тұмау тіркелген жоқ. Осы уақытта қалада коронавирусқа және тұмауға қарсы белсенді вакциналану жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 105 114 тұрғын тұмауға қарсы екпе салдырды. Олардың басым бөлігі бюджет қаражаты есебінен егілді.

Коронавирусқа қарсы иммундау науқаны жалғасуда. Алматыда ұжымдық иммунитеттің деңгейі 55,2%-ті құрайды, оның ішінде вакцинацияланған азаматтардың 47,2%-і және жыл басынан бері ауырып жазылған адамдардың 8%-і. Бізге сенімді иммундық қабат қалыптастырып, халықтың 80% вакциналау қажет, – деді Сәдуақас Байғабылов.

СЭБД басшысының орынбасары вакцина салдырмаған азаматтардың коронавирусты жұқтыру қаупі әлі де бар екенін айтты.

Мысалы, бір апта ішінде КВИ-мен ауырған 1033 адамның 194-і егілген, қалған 81%-і егілмеген. Эпидемиологтар көбінесе вакцинациядан жалтарған азаматтар жұқтырады деп санайды. Талдау көрсеткендей, жұқтырғандардың 30%-тен астамы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе жұмыссыздар, 20%-дан астамы – зейнеткерлер, 19,5%-і – кәсіпорын қызметкерлері. Жұқтырған оқушылар саны 14% және мектеп жасына дейінгі балалар – 6% құрайды. Сонымен қатар оқушылардың 94%-і сыныпта емес, үйде ересек отбасы мүшелерімен байланыста болған.

Негізгі жұқтыру орындары: сауда объектілері – 28%, қоғамдық көлік – 21,4%, отбасылардағы байланыстар – 22,3% және базарлар – 8%.

Сәдуақас Байғабылов вакциналану адамды коронавирустық инфекциядан қорғауға кепілдік бере алмайтынын, бірақ дерттің жеңіл түрде өтетінін атап өтті. Вакциналану – денсаулықты сақтаудың тиімді жолы. Еске салайық, алматылықтар қаладағы 137 егу пунктінің бірін барып, тегін екпе ала алады.