— Мейрамбек, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға неге АҚШ-ты таңдадыңыз?
— АҚШ-ты таңдауымның себебін бір ғана сөзбен сипаттауға болады. Бұл — кино саласы бойынша ең дамыған ел. Режиссерға білім алу үшін тиімді мемлекет деп айтар едім.
— Нью-Йорк фильм академиясында оқып жатқан пәндеріңіз туралы айтып беріңізші… Қандай қызық курстар бар екен?
— Мұнда үй тапсырмасы өте көп беріледі. Үнемі кино көруің, 10-20 бет кітап оқуың керек, сол тақырып жайлы мақала жазуың қажет және аудиторияда да тек осы жайлы талқылаймыз. Сабақ 3 cағат болады десек, оған дайындалуға одан екі есе көп уақыт кетеді. Сонымен бірге бұл университтің практикаға басымдық беретіні ұнайды.
Сабақ кестемде «Деректі кино режиссурасы» деген пән бар. Бұл пәннің үй жұмысын орындауға демалысымның бір күнін арнадым. Оқытушының тапсырмасымен әр апта сайын екі бет журнал толтыруымыз керек. Оны толтыруға біршама ізденіс қажет, жүрдім-бардым қарауға болмайды. Себебі алдағы түсірілімдердің де тағдырын осы пән шешеді. Ең жақсы көретін пәнім — осы.
— Білім алып жатқан университетіңіз практикаға басымдық беретінін айттыңыз. Нақты немен айналысасыздар?
— Оқу күнімізді екі бөлімге бөлуге болады. Түсірілім болмаса, университетке барып, дәріс тыңдаймыз, кино көреміз және оны талдаймыз. Ал түсірілім кезінде уақытымыздың бәрін осыған арнаймыз. Мысалы, осы аптада түсірілім бар. Ол жаққа барлық қоюшы техниканы алып кетеміз. Өзім түсіретін фильмде өзім режиссер боламын және операторларым мен дауыс қоюшыларым, ассистентерім болады. Өзге достарым түсірілім жасағанда өзім де көмектесіп, ассистент, оператор, жарық қоюшының ролін атқарып беремін. Оқу күндерім осылай өтеді.
— Университеттегі іс-шараларға қатысып тұрасыз ба?
— Қазір пандемияға байланысты іс-шаралар тоқтатылды, тек сабақ оқимыз. Вакцина салдырсақ та, түсірілімге дейін ПТР сараптамасын жасатуымыз қажет және оған қатысатын кейіпкерде де анықтама болуға тиіс. Іс-шаралардың көбі Zoom платформасында болады. Өзім көбіне түсірілімде жүремін және уақытымның көп бөлігін монтажда өткіземін.
— Ал өмір сүруге Лос-Анджелес қолайлы ма екен?
— Лос-Анджелестің ауа райы ұнайды. Екіншіден, мұнда Голливуд бар. Мықты киностудиялар, компаниялар көп. Сол компанияларда түсірілім жасауға мүмкіндік беретіндігі үшін де ұнайды. Мұнда алғаш келген кезде тағам жағынан адаптация болды. Елдегідей емес, мұнда көбі фаст-фуд тұтынады, үйрену қиын болды.
— «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсемін деуші жастарға қалай дайындалуға кеңес бересіз?
— Көбі менен «Болашақ» бағдарламасы бойынша қалай оқуға түсемін?» деп сұрайды. Ал менің айтарым — қалай оқуға түсемін деп емес, қалай шетелдік университттерден шақырту аламын деп ойлау керек. Өйткені бұл университетке сәйкес келіп тұрсаңыз және таңдаған мамандығыңыз келешекте Қазақстан нарығына керек болса, онда сізді міндетті түрде «Болашақ» бағдарламасы міндетті түрде қолдайды. Сонымен бірге IELTS-тан кемінде 7 балл алуыңыз керек.
Берер кеңесім — бакалавриатта оқып жүргенде сабақтан тыс тіл курстарына қатысыңыздар. Шығармашылық мамандықта оқитын жастарға айтарым — жұмыстарыңыз бойынша портфолио жасағаныңыз дұрыс. Бұл оқуға түсерде көп көмектеседі.