Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы талқыланды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, заң жобасының мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту.
Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады, — деді Ерлан Тұрғымбаев.
Оның айтуынша, қазір республикада 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында отыз төрт мың адам бар. Оның отыз мыңына сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеуде қамауда. 93%-і ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-і оның алдында бірнеше рет сотталған. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.
Жоба бойынша 2 236 сотталушыға, пробациялық бақылауда тұрған 11 310 адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 294 сотталушының, пробацияда тұрған 7 492 адамның жаза мерзімі қысқартылады, — деді министр.
Сонымен бірге сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі бес мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1 471 адамға сот органдарының жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады.
Ерлан Тұрғымбаев Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдар рақымшылыққа ілікпейтінін айтты.
Мәжіліс заң жобасын бірауыздан мақұлдады.