Осыдан алты жыл бұрын Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы колледжді бітіріп, университетке оқуға түстім. Сабаққа 20 күн қалғанда, 8 тамыз күні жол апатына ұшырадым. Достарыммен бірге Текелі-Талдықорған трассасында таксимен келе жатқанбыз. Өте үлкен жылдамдықпен жүріп келе жатқандықтан, көлік бұрылысқа сыймай қалды. Машина жолдан ұшып кетіп, мен отырған тұстан 5-6 рет аударылды. Төбесі ішке кіріп кетті. Ештеңесі қалмады деуге де болады. Қауіпсіздік белдігін тағып алған едім, шешіп көруге тырыстым. Сол кезде мойын омыртқамның сынып кеткенін түсіндім. Көліктегі жолдас балалар «шыға аласың ба?» деп сұрады. Мен «иә» деп тырысқаныммен, мүлдем қимылдауға шамам жоқ екенін түсіндім. Жедел жәрдеммен емес, таксимен аурухана келдік.
Мойын омыртқа сынған, зақымның келгені сонша сүйек сынып, жұлын ішіне кіріп кеткен. Дәрігерлерден «жүремін бе?» деп сұрағанымда, «бір Құдай біледі» деп шошытып қойды, шынын айтқанда. «7 жылдан кейін жүрмек түгілі отырсаң, шүкір» деді. Қан айналымым дұрыс болмағандықтан, отырсам талып қалатынмын. Өздігімнен отырып үйренуіме жарты жылдай уақыт кетті. Бір жылдан кейін еңбектей бастадым. Әке-шешем тренер жалдады, ағам жүріп-тұруыма көмектесті. Массаж алдық, АҚШ-тық тәжірибе қандай, дикуль жаттығуларын қалай жасауға болатындығы жайлы интернеттен видеосабақтар алдық. Үйренгенін байқап көріп, туған ағам мені өзі жаттықтыра бастады. Бірте-бірте үздіксіз жаттығулар өз әсерін берді. Екі жылдан кейін мен қозғала бастадым. Аулада, үйдің ішінде ақырындап қадам жасауды үйрендім. Бұл менің алған жарақатыма, сынған омыртқа, аяқ-қолыма мүмкін емес қабілет еді.
Уақыт өте келе жаттығулардың, қозғалыстың арқасында қолдан келмес істі жасауға болатындығын түсіндім. Бұны өзге де мүгедектердің білгенін қаладым. Сондай-ақ төрт қабырғаға қарап, өздігінен жаттығу тиімісіз екенін, арнайы орында жаттығудың жөні бөлек екендігін де ескердім. Содан өз жаттығу залымды ашуды мақсат еттім. Алдымен әкеммен бірге қала әкімдігіне барып, осы идеяны ұсындық. Ол кезде Талдықорғанды Ермек Амантайұлы басқарып тұрған еді. Әкім біздің идеямызды бірден қолдап, қазіргі «Асар» реабилитациялық орталығының ғимаратын қолданысқа берді. Одан ары қарай «Ерлік» мүгедектер қоғамдық ұйымының төрайымы Роза Ақжаркеновамен бірге жұмыс істей бастадым. Ол кісіні екінші анам деп атасам да болады. Роза апаймен бірге жүріп, рухты болуды, өмірге деген құштарлықты үйрендім. Екінші анама алғысым шексіз.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша білім алып, мүгедектер қоғамдық қорында программист болып жұмыс істедім. Бағдарлама бойынша бір топта 20 адам оқыған едік. Байқайтынмын, оларға «Дамудың» грантын жеңіп алу шындығында қолжетпес армандай көрінетін. Бір қызығы, менде ондай күмән болмады. Өз идеямды ұсындым, оның жүзеге асатындығына қатты сендім. Жолымыз болып, 3 млн теңгелік грантты жеңіп алдық. Осы қаражатпен қажетті жаттығу құралдарын сатып алу мүмкіндігі туды. Кейбірінің сызбасын ағам интернеттен қарап, өз қолымен жаттығу құрылғыларын жасап шықты. Осылайша «Асарды» аяққа тұрғыздық. Орталықтың атын анам қойды. Мен алғашында «Мойыма» деген сияқты ұранды атауды таңдаған едім. Қазір анам ұсынған атаудың қойылғанына шүкіршілік айтамын (күледі). «Қане, жүр «Мойымаға» барайық» десе, адамның күлкісі келеді емес пе? Дегенмен, 21 жастағы жігітке мұндай қателік жарасатын да сияқты.
Бір белесті бағындырсаң, екіншісіне ұмтыла бастайсың. Өмірдің қызық, ғажап екендігін түсінесің. Осындағы қыз-жігіттермен бірге басымыз қосылса, рухтың, жігердің күшін сезінеміз. Қиындықты бірге жеңуге, бір-бірімізге көмектесуге әрдайым дайын екенімізді ұғынамыз.
«Асарға» келіп 200-ге жуық адам реабилитациядан өтті. 40-тан астам адам өз аяғымен жүруді үйренді. Трамплиннен секіру спорт түрі бойынша Қысқы Азиада-2011 ойындарының чемпионы, Қазақстан спорт шебері Евгений Левкин де осы жерден ем алды. Жол апатынан кейін жүре алмай қалған спортшы адымдауды қалпына келтірді. 70 шақты адам өзіне-өзі қызмет көрсете алатындай қабілетке ие болды. Егер адам түсінер болса, өздігіңмен киініп, тамақтана алу — үлкен бақыт.
Әр адамның өзіне тән ерекшелігі бар. Мұнда жиналғандардың ішінде қаншама дарын, өнер иелері бар екенін байқадым. Содан біз «Асар» КВН командасын құрып, жарыстарға шыға бастадық. ТМД бойынша тұңғыш арбалы КВН-шілер атандық. Өнерлі қыз-жігіттер бірігіп, кейіннен Талдықорған қаласында қайырымдылық концертін ұйымдастырдық. Әйелдер қоғамдық қоры сол кезде қаржылай көмек беріп, қолдау көрсетті. Концерттен түскен 150 мың теңгені Радамира есімді кішкентай қыздың отасына көмек ретінде аудардық. Қоғамға осылайша өзіміздің аз да болсын жәрдемімізді ұсындық.
Жол апатынан кейін Алакөлге бардым. Шыныңызды айтыңызшы, біздей жанды көргенде не ойлайсыз? Жақсылық жасағыңыз келсе, «ауруханаға кететін шығындарын өтеп берсем ғой, емдетсем ғой» деп ойларсыз. Бірақ қоғамның бір мүшесі ретінде, біз де қарапайым адамдармыз. Демалып, қыдырғанды біз де ұнатамыз. Ал Алакөлде біздің қалыпқа келуімізге қажетті элементтер өте көп. Оның қаншама емдік қасиеті бар. Батпағының өзі адам терісіне, бүкіл қан айналымына оң әсерін береді. Бір кездері тіпті осында емдік қасиеттеріне бола ғарышкерлер келіп демалатын. Бір күні теледидардан қалада жол жөнделетінін, әуежай салынып, өлкедегі кәсіпкерлікті дамытуға инвестиция бөлінетіндігі туралы хабарды естідім. Бірден «неліктен біздің жеке пансионатымызды ашпасқа?» деген ой келді. Әрдайым залда жүре бермей, бір уақыт сергу үшін де бұл өте керемет идея екенін түсіндім.
Пансионат қалай ашылды?
Алакөлде болғанымда судағы тастардың, жағалаудың арбамен жүруге қолайсыз екендігін көргенмін. Содан пансионат тұрғызып, платформа жасауды жоспарлай бастадым. Біз үшін басты қажеттіліктер — осы. Қазір қандай да бір конкурс бар десе, қуанып кетемін (күледі). Өз мақсаттарымды жүзеге асыру үшін еш нәрсені қалт жібермеуге тырысамын. «Даму» қорында Жандос есімді менеджер жігіт бар. Шаралар туралы хабарласып, «қатысып көр» деп жігер беріп отырады. Бір күні одан кезекті хабар келді.
Сөйтіп, «Дамудың» тағы бір конкурсына қатысу үшін бизнес-жоспар әзірлеуге кірісіп кеттік. Дайын болған соң, оны стартап-жобалар байқауы «Болашақ» қауымдастығына жібердік. Идеямыз үздік-20 жоба қатарына енді. Барлық жиырмамызды бір жерге топтастырды. Он күн бойы әр түрлі шараларына қатысып, үздік ондық іріктелдік. Әрқайсымызға менторлар тағайындалды. Маған белгілі тележурналист Динара Сатжанмен бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Бір айдан кейін конкурстың нәтижесі шығып, біз 2-орынды иелендік. «Болашақтан» 5 млн теңге, BI Group-тың конкурсынан 3 млн теңге ұтып алдық. Содан бар қаражатты біріктіріп, Алакөлге пансионат ашуға аттандық.
Барлық ісіме көмектескен жан — әкем. Ол өзінің бүкіл шаруасын тастап, менің жоспарларымды жүзеге асыруға бар күшін салды. Әрдайым құрылыс басында жүруге менің жағдайым келмейді, бітірер тірлігім қағаз бойынша, іс барысын бақылаумен болды. 2016 жылы 24 шілдеде, туған күнімде, пансионаттың ашылуын жасадық. Той үстіне той болды. Талдықорған қаласына ерекше алғысымды білдіремін. Бізге «анау қажет, мынау керек» десек, қолдан келгенше әкімдік көмектеседі. Сондай көмегінің бірі Алакөлге жету үшін спринтер автобусын берді. Ал Үшарал әкімі инватаксимен қамтамасыз етті. Қаладан 20 адам топтасып бардық, екі күн бойы осы адамдарға пансионат тегін қызмет көрсетті. Осылайша игі шарамен өз жұмысымызды бастап кеттік.
Жапонияның адам қауіпсіздігіне арналған әлеуметтік шағын жобаларға өтеусіз көмегіне бағытталған «Корни травы» бағдарламасы бар. Сол бойынша грант конкурсқа түсетіндігі жайлы естідім. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы маған көмекші ретінде тағайындаған Айдана Ратаевамен бірге екі ай бойы қажетті құжаттарды жинастырып, өтініш білдірдік. Бұл конкурсқа әлемнің 145 мемлекеті қатысады, Қазақстан атынан 50 өтініш жіберілген. Жарысқа қатысудағы басты мақсатымыз – орталығымызды қажетті жаттығу құрылғыларымен жабдықтап алу. Себебі реабилитациялық жабдықтың біреуі миллион теңге шамасында тұрады. Ал бізде бардың көбі ескі, кейбірі қолдан жасалған. Жапония елшісі Талдықорғанға келіп, орталығымызды көріп кетті. Жоғары бағасын берді. Алайда конкурс нәтижесі алдағы ақпан айында белгілі болады.
«Асар» орталығының ғимаратын ауыстырғымыз келеді. Қазіргі ғимарат жертөледе орналасқан. Әкімдік жаңа мекеме салу үшін 1,5 гектар жер бөліп берді. Қазір эскизін сызып қойдық. Ендігі арманым — келушілерімізге жаңа ғимаратта, қажетті барлық жабдықтармен қызмет көрсету. Шетелден мамандар іздедік. Бұйыртса, сәуір айында Германияның үлкен тәжірибелі мамандары орталығымызға келіп, реабилитацияны қалай жүргізу керектігін үйретуге келісті.
Паралимпиада чемпионы Зульфия Ғабидуллинаның Риодағы жеңісі мені жігерлендірді. Болашақта спорттық жарыстарда өзімді сынап көргім келеді. Жол апатына дейін әуесқойлық жүзумен айналыстым. Бірнеше жыл бокс, кикбоксқа қатысқанмын. Қызыл белбеу иесімін (күледі). Былтыр Талдықорғанда Alma Fest марафоны өтті. Әрине біз де шарадан тыс қалмадық.
«Жалғыз ештеңеге қол жеткізбес едім»
«Бизнес прорыв-2014» жобасына қатысып, І орын алдық. Республикалық стартап-жобалар байқауы «Болашақтан» ІІ орын иелендік, қала бойынша «Үздік көшбасшы — үздік кәсіпкер» номинациясын жеңіп алдым, мүгедектердің өмірін жақсартуға сіңірген еңбегіміз үшін «Жаншуақ» премиясына да ие болдық. Бұлардан бөлек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан, Денсаулық сақтау әлеуметтік даму министрлігінен, қала әкімдігінен алған алғыс қағаздарымыз бар. Бұның барлығы — менің айналамдағы жандардың еңбегінің, қолдауының арқасында қол жеткізілген жетістіктер. Жалғыз өз қолымнан ештеңе келмес еді.
Талдықорған қалалық әкімдігіне әрбір қолдаулары үшін, Денсаулық сақтау әлеуметтік даму министрлігіне, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына конкурстары үшін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұжымына, пансионатты тұрғызған «Просто дом» құрылыс компаниясының директоры Дархан Айтқазы мырзаға, Роза Ақжаркеноваға, Айдана Ратаеваға, достарыма барлық қолдаулары үшін зор алғысымды білдіремін. Ата-анама, ағама менің әрбір бастамама жанкүйерлік танытуларына және ең бастысы, маған өмір сыйлап, тәрбие бергені үшін шексіз ризашылығымды білдіремін.
Егер идеяңыз болса, оны жүзеге асыру үшін біздің елде мүмкіншіліктер өте көп. Тек мойымау керек. Расында, адамдар «анау жоқ, мынау жетпейді» деп бекерге жылай береді. «Істеймін» деген ниет, ұмтылыс болса, алынбайтын қамал жоқ. Тек жалқаулықты доғару керек. Адамдар бір ғана есікті қағып, жол таппаса, бастаған ісін аяқсыз оңай қалдыра салады. Жоспарыңды соңына дейін жеткізу үшін, аянбай еңбек етуің қажет. Сол кезде өмірдің ғажап екендігін шынайы сезінесің.
Қазіргі уақытта Елдос «Сәби» қайырымдылық қорының «Өз кәсібіңді баста» атты конкурсына қатысып жатыр. Жобасының тақырыбы: «Спорттық реабилитациялық орталықтың құрылысы«. Замандасымыздың ісіне, мақсаттарының жүзеге асуына сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Әсел Сарқыт.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.