Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook интернеттегі балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өз тарапынан, Facebook-пен екіжақты ынтымақтастықтың қол жеткізілген деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтеді. Осы жылдың 28 қазанында Facebook командасы Министрліктің мамандарына «Контентті хабарлау жүйесін», сонымен бірге Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша жұмыс бойынша тренинг өткізді.
Қараша айының басынан бастап Министрлік жүйеде жұмыс істей бастайды. Екі тарап өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін белгілеуге, оның ішінде Министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін Facebook өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді.
Министрлік «Контентті хабарлау жүйесін» пайдалану Facebook және Instagram платформаларында құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жеделдігін және жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдіреді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Министрлік Қазақстан нарығында жұмыс істейтін интернет-компаниялармен сындарлы диалог құруға және ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті құру бағытында жүргізіліп жатқан бағытты ұстанатынын атап өтті, – делінген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі таратқан мәлімдемеде.