Бала күнімнен музыкаға деген құштарлық ерекше болды. Фортепиано бойынша қосымша сабаққа қатыстым. Музыка туралы көп білгім келді. 10 жасымда анам Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектепке фортепианодан дәріс берген мұғалімнің кеңесімен әкелді. Осы кезден бастап менің оқу жылдарым басталды, — дейді Данияр.

Гобой туралы

Гобой — 16-17-ғасырда пайда болған үрмелі аспап. Ең алғашқы гобой ағаштан жасалды, отаны Франция болып есептеледі. Ал 18-19-ғасырда шеберлер аспапты өңдеп, жаңа түрлерін шығара бастады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гобой аспабы тетігіне, дыбысына және көлеміне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, менің қолымдағы гобойдың жиырмаға жуық тетігі бар. Мектепке келген кезде гобойдың не екенін де білмедім. Негізі фортепиано класында оқимын деп жоспарлап едім, бірақ мұғалімдер бойымнан басқа да ерекшелікті байқаса керек, өзімді гобой үрмелі аспабында сынап көруді ұсынды. Ата-анаммен ақылдасып, гобой класына бардым. Бұрын-соңды көрмеген музыкалық аспаптың дыбысы қатты әсер етіп, жанымды тербеді. Тіпті қазір гобойсыз өмірімді елестете алмаймын, — дейді 11-класс оқушысы.

Сахна жайлы

Данияр сахнаға шықпас бұрын көп қобалжитынын айтты, кейде форс-мажор жағдайларға да тап болып жатады екен.

Үлкен саханада камералық оркестрмен бірге және Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өнер көрсеттім. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе. Сахнаға шықпас бұрын қатты қобалжитыным бар. Тіпті сахна артында тұрып өзімді қоярға жер таппай кетемін. Дегенмен  сахнаның тылсым сиқыры, киесі бар ғой, атымды атап, сахнаға шақырған бетте қобалжуым бірден басылады. Әр байқауда түрлі қызыққа тап болып жүремін. Бірде киімімді ұмытып кетсем, енді бір байқауда аспабым сынып қалды. Кейде байқау барысында қобалжығаннан нотаны ұмытып қалуым мүмкін. Бұл — өнер адамдарында жиі кездесетін жайт, — дейді ол.

Данияр Ерман
Данияр Ерман. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Франция жайлы

Музыка мектеп-интернатының 11-класс оқушысы қазір француз тілін үйреніп, осы елдің мәдениетін зерттеп жүр. Өйткені болашақта дәл осы мемлекетте білім алғысы, тәжірибе жинағысы келеді.

Үнемі ізденісте жүремін. Атақты музыканттардың туындыларын тыңдағанды ұнатамын. Әуеліде бұл аспапта ойнайтын мықты музыканттардан да бейхабар едім. Кейін танымал гобойшыларды зерттедім, оқи бастадым. Олардың бірі француз гобойшысы — Франсуа Леле. Көп халықаралық байқаудың лауреаты. Болашақта гобой аспабының отаны — Франция мемлекеніне оқуға түскім келеді. Ертеңіңді бүгіннен бастамасаң, кеш болуы мүмкін ғой. Сол себепті қазір Франция мәдениетімен танысып, тіл үйренуді қолға алдым.

Данияр Ерман
Данияр Ерман. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақстандағы классикалық музыка жайлы

Даниярдың сөзінше, елімізде классикалық музыканың деңгейі шетелмен салыстырғанда көңіл көншітерлік емес. Ол келешекте осы кемшіліктің орнын толтыру үшін 5 адамнан құралған квинтент құруды және музыка мектебін ашуды жоспарлап отыр.

Өзімнің құрдастарым қазақ музыкасын дүниежүзіне танытып, оны дәріптейтін мектептердің ашылуына септігін тигізсе, бізден кейінгі ұрпақтың классикалық музыкаға деген көзқарасы өзгеретініне сенімім мол. Алға қойған мақсатым анық. Францияда тәжірибе жинап, өз елімнен музыка мектебін ашуды армандаймын. Ахмет Жұбанов атамыз сияқты жас таланттарды қолдап, гобойшыларға демеу болғым келеді. Себебі көп адам үрмелі аспаптың түрлерін, оның ішінде гобойдың не екенін жіті біле бермейді. Алдағы уақытта үрмелі аспаптар бойынша квинтет (бес музыканттан құралған ансамбль) құруды ойлап жүрмін.

Данияр Ерман
Данияр Ерман. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мектебі жайлы

Ахмет Жұбанов  атындағы  дарынды  балаларға  арналған  республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты 1964 жылдың қараша айында құрылды. Мектептің ашылуына қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, əйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Жұбанов мұрындық болған. Данияр да мектебі жайлы бізге мақтанышпен айтып берді.

музыка мектебі, Ахмет Жұбанов
Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебі. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ахмет Жұбанов еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүріп, қарапайым қазақ отбасында өскен, өнерге құштар, бірақ үйренуге мүмкіндігі жоқ жас таланттарды жиі кездестіреді. Дәл сол сәттері талабы таудай ауыл балаларын кәсіби тұрғыда оқытатын музыкалық мектеп ашу туралы алғашқы ой туған. Ол дала дарындары арқылы қазақ өнерін дүниежүзіне танытуды, жас таланттардың музыкалық әлеуетін дұрыс пайдалануды көздеді.1964 жылы маусым айында директорлық қызметке тағайындалған Түркістан Өзбеков талантты ұйымдастырушы ретінде Ахмет Жұбанов құрған жоспарларды асқан жауапкершілікпен орындауға кірісті. Ал 1968 жылы Түркістан Өзбековтің бастамасымен білім мекемесіне Ахмет Жұбанов есімі берілді. Содан бері мектеп республикалық, халықаралық көп конкурста жеңіске жетіп, өзін биік тұғырдан көрсетіп келеді, — дейді ол.

Данияр Ерман
Данияр Ерман. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ұстазы жайлы

Даниярдың ұстазы — ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, гобойшы Айгүл Қайыржанқызы. Ол ұстазының арқасында аздаған уақыт ішінде түрлі жүлдеге ие болдым дейді.

Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар байқауының I орын лауреаты, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарының  оқушылары арасында өткен республикалық конкурста I дәрежелі диплом иегері, Сібір музыкалық ассамблеялары үрмелі және соқпалы аспаптарда жас орындаушылардың халықаралық байқауында лауреат, Батырхан Шүкенов атындағы стипендия иегері атанып, Өзбекстанда өткен II халықаралық «Өнер бүршіктері» байқауында 1-дәрежелі диплом алдым. Бұл — музыкадағы жетістігімнің бастамасы. Өз саламның нағыз маманы болуға көмектесіп жүрген педагогтарыма алғыс айтамын. Болашақта дүниежүзі сүйсініп тыңдайтын танымал музыкант болғым келеді, — дейді Данияр.

Данияр Ерман
Данияр Ерман. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ұстазы шәкірті жайлы

Даниярдың ұстазы Айгүл Қайыржанқызының айтуына қарағанда, музыка аспаптарын меңгеруді, ән салуды кез келген адам үйрене алады. Алайда жақсы музыкант қарапайымынан орындау шеберлігімен ерекшеленеді.

Даниярмен жұмыс істеу қиын емес. Өте тіл алғыш, жүрегі нәзік, сезімтал бала. Бұл мектеп дарынды балаларға арналған, ал Даниярдың бойында мұның бәрі бар. Оның музыканы тез меңгеруі, есту және есте сақтау қабілеті бала күнінен бойына дарыған. Төртінші кластан бастап халықаралық байқауларға қатыса бастады. Қандай да бір музыкалық аспапта ойнауды, ән салуды, оған ден қойған кез келген адам үйрене алады. Алайда жақсы музыкант қарапайым музыканттан орындау шеберлігімен ерекшеленеді. Біреу өнердің биік шыңын біртіндеп бағындырса, енді біреуі жетістікке басқалардан әлдеқайда жылдамырақ жетеді. Себебі  оның бойында осы іске деген туа біткен бейімділік бар, — дейді жетекшісі.

Айгүл Қайыржанқызы
Данияр Ерманның жетекшісі, гобойшы Айгүл Қайыржанқызы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айгүл Қайыржанқызы музыканттарда жиі кездесетін шығармашылық күйзеліс туралы да айтты. Оның сөзінше, мұндай қиын кезеңде ата-ананың, ұстазының демеуі өте маңызды.

Осы тұста Даниярдың анасына алғыс айтқым келеді. «Сенің қолыңнан келеді, бастысы — жеңіс емес, байқауда бақ сынау» деп демеу береді. Ешқашан «Сен жеңуге міндеттісің» деп талап қоймайды. Бұлай айту баланың психологиясына да кесірін тигізеді. «Болатын баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, оны шабыттандырып, жігер беруге тырысамын. Үлкен сахнада оркестрмен өнер көрсету екінің біріне бұйыра бермейді. Өйткені бәсеке көп. Тек таңдаулы музыканттарды іріктеп алады, — дейді педагог.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Ал Данияр — таңдаулылардың бірі».

Жазира Пірімқұл