Мемлекет басшысы TotalEnergies концерні президентінің аға кеңесшісі Арно Брейякпен және «TotalEnergies барлау және өндіру» компаниясының президенті Николя Терразбен кездесу өткізді.
Президент француз кәсіпкерлеріне ілтипат білдіре отырып, Николя Терразды «TotalEnergies барлау және өндіру» компаниясының басшысы қызметіне жаңадан тағайындалуымен құттықтады.
Кездесу барысында TotalEnergies компаниясының қатысуымен жаңартылатын қуат көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы екі күн электр станциясы құрылыстарының аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өтті.
Арно Брейяк мемлекет басшысына қуаты 1 ГВт болатын жел энергетикасы кешенінің құрылысы туралы меморандумға қол қойылғаны туралы, сонымен бірге концернді Қазақстанда және әлемде одан әрі дамытудың перспективалары жөнінде айтты.
Сонымен қатар кездесуде Қашаған және Дұнға кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін арттыру мәселесі көтерілді.