Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев айтты.
Пермде болған жағдай бізге де кез келген қауіпке даяр болудың қажеттігін көрсетті. Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мектеп күзетіне қойылатын талап жоғары. Күзет қызметі төтенше жағдайға әрдайым дайын болып, шұғыл шешім қабылдай білуі тиіс. Бұл дегеніміз бейнебақылау камерасының орнатылып, оның талап пен стандартқа сәйкес жұмыс істеуі. Осы орайда біз халықаралық тәжірибе мен өзге елдерде болып жатқан төтенше жағдайларға талдау жүргізудеміз, – деді Дулат Жекебаев «Kazakhstan Security Systems-2021» атты республикалық конференция барысында.
Дулат Жекебаевтың айтуынша, кейбір мектептердегі бейнебақылау камерасы тиісті талап пен стандартқа сәйкес келмейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біздің министрлік құзырлы органдармен бірлесіп мектеп қауіпсіздігін тәулік бойы қадағалайтын арнайы күзет қызметімен қамту мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар барлық білім беру мекемелерінде «дабыл батырмасын» орнату да күн тәртібінде. Аталған шаралар бюджеттен қосымша 2 миллиард теңге қаржыны талап етеді. Осы орайда бүгінде құқықтық-нормативтік актіге қайта өзгерістер енгізіліп жатыр, – дейді ол.