Ведомствоның мәліметінше, 27 қазанда 2005 жылы туған мектеп оқушысы Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасына түскен.
Ашық бас сүйек-ми жарақатына байланысты науқастың жалпы жағдайы ауыр. Диагнозы — бассүйек-мидың ауыр ашық жарақаты, оң жағы көгерген. 2-3-дәрежелі травматикалық шок алған. Есін біледі, — делінген хабарламада.
Полиция департаменті 27 қазанда сағат 20.00-де 102 пультіне Пенжім ауылында мектеп оқушылары арасындағы төбелеске қатысушылардың бірінің үйі маңына 30-ға жуық адам жиналғаны туралы ақпарат түскенін хабарлады.
Бір топ адам бірқатар жекеменшік үй терезелерін, сондай-ақ бірнеше көлікті сындырған. Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293 2-бөлімі («Бір топ адамдар жасаған бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылының мектеп территориясында жаппай төбелестен 16 жастағы бала ауруханаға түскені хабарланды.
Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша қылмыстық іс тіркелген.