Merhat Limited — нарықта 10 жылдан астам уақыт бойы қызметін ұсынып жүрген зергерлік компания. Кез келген тұтынушы бұл жерге түрлі бұйымға тапсырыс бере алады.

Компания шеберлері әшекей үшін таза күміс қолданады екен. Жақында алтыннан да жасауға кірісіпті. Қолөнерге сән беру мақсатында нефрит, малахит, көгілдір ақық (бирюза) сияқты табиғи тастармен безендіреді.

Merhat Limited техникалық директоры Алдияр Мырзабаевтың айтуынша, бұл шеберхананың ерекшелігі — Қазақстанда алғашқы болып Италия технологиясын пайдалануы.

Көз тимеу үшін сәбиге алтын түйрегіш, қыз-келіншектерге жүзік, білезік, алқа, шолпы, ал ерлерге сақина дайындаймыз. Әлемге танымал бренд бұйымдары жасалатын технологиямен жасаймыз. Сәйкесінше әшекейіміз сапалы шығады және бағасы базардағыдан жоғары, — дейді ол.

Шеберлер қазақы бұйымдарды замануи үлгімен ұштастырып жасауға тырысады. Себебі тұтынушы оның қайталанбас ерекше әрі күнделікті өмірде тағып жүруге ыңғайлы болуын қалайды.

Бұрын тек той-томалақта, Наурыз мерекесінде тапсырыс көбейетін. Ал қазір қазақша жазу, қазақша бұйым трендке айналды. Талғампаз жастар да ерекше қызығып, сатып алып жатыр. Ал олар индивидуал әрі айрықша затты жақсы көреді. Сол себепті әр 6-8 ай сайын коллекциямызды жаңартып тұрамыз , — дейді директор.

қазақы бұйым
Фото: Merhat Limited

Десе де шеберлер әлдебір бұйымды әзірлеудің алдында қазақ мәдениеті тарихын ескеріп, сәйкес тақырыпты зерттейді екен. Себебі заманауи дизайнда болғанына қарамастан әр әшекей тарихи ерекшелігі мен мән-мағынасынан алыстамағаны жөн.

Ұлттық бұйым — қазақ халқының ежелден келе жатқан мәдениеті. Әр әшекейдің астарында терең мағына жатыр. Сол себепті біз әуелі оны толық зерттеп аламыз. Кейде шеберлерді ұлттық музейге апарып, жасап жатқан дүниесіне ұқсас бұйыммен таныстырып, білімін арттырамыз, — дейді Алдияр Мырзабаев.

Пандемияға дейін компания көтерме сатумен айналысып жүрген. Бірақ карантин олардың кәсібіне үлкен өзгеріс алып келіпті. Қазір тек әлеуметтік желі арқылы клиенттерге жекелей сатады. 

Бұрын түрлі қалаға топ-топтап жіберетінбіз. Пандемияда олармен байланысымыз үзілді. Елде карантин жарияланып, барлық сауда орталығы жабылып қалды. Ел керек-жарағын әлеуметтік желіден іздей бастады. Мұны байқаған біз де маркетингке, онлайн саудаға басымдық бердік. Қазір тек әлеуметтік желі арқылы сатамыз. Әр тапсырыс берушімен тікелей байланыстамыз. Оның қалауына сай бұйым ұсынамыз, тіпті эксклюзив бұйым жасап береміз, — дейді маман.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Маман шеберлердің әр бұйымға ұқыппен қарайтынын айтты. Ұсталардың жұмыс барысын көрсету үшін бізге шеберханасын таныстырды. Онда жұмыс қызу жүріп жатыр. Алдияр Мырзабаевтың сөзіне қарағанда, айына 1500 тапсырыс түседі екен.

Ең әуелі тапсырыс берушіден нақты қандай бұйым қалайтыны, кім үшін және қандай мақсатта алатыны толық сұралады. Оның талғамын ескере отырып, эскизі сызылады.

Бұйым эскизін Мерхат Жұмахановпен бірге компанияның негізін қалаған Ерік Қалыбаев сызады. Бұйымды жасамас бұрын тапсырыс берушіге 2D, 3D дизайнын көрсетіп аламыз, — дейді маман.

Кейін «қағаз бетіндегі» білезікті іс жүзінде жасау үшін шеберханадағы ұсталар жұмысқа кіріседі. Мұнда 30 шақты шебер бар. Бір қызығы, бір бұйым барлығының қолынан өтеді. Яғни, мәселен, бір білезіктің жасалуына әркім өз үлесін қосады.

Шебердің көбі — жастар. Тәжірибесі мол ұсталар да бар. Олар көбіне эксклюзив бұйым жасайды — дейді Алдияр.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шебер Ұлықбек Серіктің айтуынша, білезікті жасау үшін әуелі күмісті балқытады.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Балқыған күмісті «ингус» деп аталатын құрылғыға құйып, бір қалыпқа келтіріледі.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Арнайы білікті аппарат («вальцы» деп аталады) арқылы күміс жұқартылады.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Осыдан соң «Мультикам» құрылғысымен эскиздегі ою-өрнек, дизайн бойынша металл ойылады.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тапсырыс берушінің білезігі сапалы әрі қалың болуы қажет. Сол себепті шеберлер ойып алған күміске қосымша металл жабыстырып, дәнекерлейді.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Тапсырыс берушінің қалауымен бұйымға сыйлық алушыға деген ізгі ниет, тілек немесе оның есімін жазуға болады. Ол үшін арнайы лазер қолданылады.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ою-өрнегі, кескіні дайын болған соң білезік өңделіп, пішіні келтіріледі. Бұйым бетіне белгілі бір тазалық пен нақты өлшемдер беру үшін тегістеледі. Сондай-ақ қолға таққанда әдемі, тегіс, жағымды болуы үшін жылтырлатылады.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жұмыстың процесін толық көрсете алмаймыз, себебі ол ұзақ жүреді. Негізі бір білезікті жасауға бір күн кетеді. Тасын қоямыз, әр деталіне мән береміз, — дейді шебер Ұлықбек Серік.

Дайын болған білезікті артық қалдық, шаң-тозаңнан тазалау үшін жуып, сүртіп алады.

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ең соңында бұйымды арнайы қорапқа салып, тапсырыс берушіге жібереді. 

қазақы бұйым
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Merhat Limited өз атын бренд ретінде қалыптастырып келеді. Әр қолөнерімізде өз атауымыз жазылады. Халық қазақ ұлттық бұйымдарына қызыққан сайын жаңа топтамалар шығаруға дайынбыз, — дейді Алдияр Мырзабаев.