Басты бетҚоғамЕлімізде "Жастар...

Елімізде «Жастар кадрлық резервінің» төртінші кезеңі басталды

Аталған кезең 25 қазанынан бастап 28 қарашаға дейін өтеді.

Бұл кезең ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат атты 2 блоктан тұрады.

Өткен кезеңнің қорытындысы бойынша 235 үміткер төртінші кезеңге өтті.

Ассессмент-орталық оффлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық көрсеткіштерінің жиынтығы арқылы үміткерлердің белгілі бір құзыреттерін анықтауға және бағалауға бағытталған.

Үміткерлер үшін ассессмент-орталық 25-30 қазан аралығында оффлайн форматта өтеді, содан кейін 1-15 қараша аралығында сарапшылар барлық материалдарды өңдеп, жеке есептер дайындайды.

Ассессмент-орталық мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы үміткерлердің стратегиялық ойлау, проактивтілік, қызметті басқару, командалық көшбасшылық, сендіре білу сияқты құзыреттерін анықтауға және бағалауға бағытталған.

Құзыреттерді бағалаудың осы блогы топтық және жеке тапсырмалардан тұрады, процесс барысында үміткерлердің мінез-құлқын сертификаттарға ие сарапшы-бағалаушылар — асессорлар бақылайды.

Аталған тапсырмалардың әрқайсысында үміткерлерге қатаң шектеулі уақыт ішінде арнайы буклеттегі ақпараттық материалдарды талдау негізінде өзекті өңірлік проблеманың шешімін ұсыну қажет болады.

Ассессмент-орталықтың барлық рәсімдерін Мемлекеттік басқару академиясының сертификаттарына ие сарапшы-бағалаушылар тобы жүргізеді.

Ассессмент-орталықтың қорытындысы бойынша келесі бағалау кезеңі – құзыреттер бойынша сұхбатқа ең жақсы нәтиже көрсеткен 125-тен аспайтын үміткер жіберіледі.

Құзыреттер бойынша сұхбат ағымдағы жылғы 20-28 қараша аралығында кәсіби HR-менеджерлердің қатысуымен жеке құрылымдалған сұхбат түрінде онлайн форматта жүргізіледі.

ПЖКР жобасы аясында сұхбат барысында үміткерлердің ішкі ынта-жігерінің деңгейі мен олардың құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттер туралы барынша объективті түсінік алуға мүмкіндік беретін сұрақтар қойылады.

Сұхбат нәтижелері бойынша іріктеудің келесі кезеңі – Сарапшылық комиссияда әңгімелесуге ең жақсы нәтиже көрсеткен 100-ге жуық үміткер жіберіледі.

Іріктеу қорытындысы бойынша резервке 50 үміткер алынады.

Президенттік жастар кадр резервінің мақсаты қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді басшылыққа алатын жас таланттарды анықтау.