Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында Ішкі істер министрлігіне пенитенциарлық мекемелер мен полиция бөлімшелерін бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осы орайда биыл жыл соңына дейін еліміздегі барлық полиция бөлімшелеріне бейнебақылау жүйесін орнатуды көздеп отырмыз. Нәтижесінде, 16 658 бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Ендігі уақытта полиция қызметкерлерінің өздері де бейнебақылауда болады. Тәртіп сақшыларының қызметі ашық болса, халықтан келіп түсеті шағым саны да азая түседі, − деді Сәкен Сәрсенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр орынбасары 2023 жылға дейін елдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері толықтай бейнебақылау камерасымен қамтылатынын атап өтті.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жалпы саны 33 966 бейнебақылау камерасы орнатылады. Биыл 29 мекемеге 12 966 бейнебақылау камерасы орнатылып, қалған мекемелер 2023 жылға дейін толық қамтамасыз етіледі. Бейнебақылау камералары ең алдымен, түрмедегі адамдардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған. Сонымен қатар мекеме әкімшілігі мен қызметкерлерінің жұмысын алыстан қадағалауға мүмкіндік береді, − дейді ішкі істер министрінің орынбасары.