Басты бетҚоғамАсқар Мамин...

Асқар Мамин азық-түлік бағасына қатысты тағы да жиын өткізді

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,2% болды. Бұған жұмыртқаның 1,3%, сәбіздің 0,8% және қанттың 0,7% қымбаттауы әсер етті. Жұмыртқа бағасының ең көп өсуі Қарағанды (7,6%), Батыс Қазақстан (7,3%) және Ақмола (4,8%) облыстарында, сәбіз бойынша Алматыда (4,5%), қант бойынша Қарағанды облысында (5,5%) тіркелді.

Өңірлерде «айналым схемасын» қаржыландыру 4,4 миллиард теңгеге артып, 45,1 миллиард теңгеге жетті. Нысаналы деңгей 90,2% қамтамасыз етілді. 306 мың тонна әлеуметтік маңызы бар тауарлар сатып алынды, бұл өткен аптадағы көрсеткішпен салыстырғанда 12% артық.

Үш айлық кезеңге ӘМАТ-пен қамтамасыз ету еліміз бойынша 90%-дан асады (аптасына +17,6 п.т.), әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрлері бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, Маңғыстау, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында қол жеткізілді.

Фото: Primeminister.kz

Өткен аптада Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өңірлік сауда желілерімен ӘМАТ-қа сауда үстемелерін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенстің 17 актісін жасасты. Жалпы, республика бойынша монополияға қарсы комплаенстің 125 актісі жасалды.

Премьер-министр өңірлердің әкімдеріне «айналым» схемасын қаржыландыруды ұлғайту және өнімдердің үш айлық қорын ұсынылған көлемдерге дейін жеткізу, азық-түлік тауарларының өңіраралық үздіксіз ағынын ұйымдастыру, сондай-ақ сауда субъектілерінің бағаны сауда үстемесінен асыру фактілерінің жолын уақытылы кесу арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруды күшейтуді тапсырды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және жалпы инфляцияны тежеу мәселелері аса маңызды. Әрбір тауар позициясы бойынша жағдайды күнделікті бақылай отырып, жүйелі жұмыс жүргізу қажет, — деді Асқар Мамин.

Фото: Primeminister.kz

Қазіргі жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және тағы басқалары баяндады.