Білім беру саласында 400-ден астам құқық бұзушылық тіркелді

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов еліміздің жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен өткен Республикалық кеңесте мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының деректеріне сәйкес соңғы үш жылда білім беру саласында 400-ден астам сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелген (2019 жылы – 161, 2020 жылы – 181, биыл 9 айда – 72). Оларды жасағаны үшін 270 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Олардың арасында білім вице-министрлері, министрліктің еншілес ұйымдары басқармаларының төрағалары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстық және аудандық деңгейдегі білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, ЖОО ректорлары, мектеп директорлары және тағы басқалары бар.

Биыл жазда халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бұрынғы ректоры Дамир Шыныбековке (8 жыл) қатысты айыптау үкімі күшіне енді, ол ЖОО бухгалтерімен бірге стипендияға бөлінген 1,7 миллиард теңгені ұрлаған, – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен бірге қазір Антикор «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің» басшылығына және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты университеттің жер телімін заңсыз иеліктен шығару фактісі бойынша іс тергеліп жатқанын атап өтті.