Басты бетБілімШолпан Каринова...

Шолпан Каринова Түркістандағы оқушының өліміне пікір білдірді

Әрине, бала өлімі – бұл үлкен трагедия. Бұл жағдай белгілі болған соң, бірден Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері Түркістан облысына аттанды. Бүгінгі таңда олар сол жақта жұмыс істеп жатыр. Бұл факті бойынша тиісті органдар тергеу шараларын жүргізуде. Нәтижесі анық болғанда тағы хабарлаймыз, − деп жауап берді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Шолпан Каринова оқушыдан ақша бопсалау мәселесі бойынша алдын ала болжам жасамауға шақырды.

Қорытынды жасауға асығудың қажеті жоқ. Мұнда тиісті органдар жұмыстарын аяқтауы керек. Сонда ғана шешім шығарылады. Ал ақша жинау мәселесіне келер болсақ, Білім және ғылым министрлігі мұны үнемі айтып келеді. Ата-аналар арасында болсын, жалпы, мектептің ішінде ақша жиналмауға тиіс. Әр фактіні жеке қарастырып, ең қатаң шаралар қабылданады, − деп толықтырды Шолпан Каринова.

Еске салайық, өткен аптада Түркістанда 5-сынып оқушысы көз жұмған еді. Қаза тапқан оқушының әжесінің айтуынша, оны ақша тауып бере алмағаны үшін сыныптасы мектептің дәретханасында соққыға жыққан. Ал дәрігерлер баланың басында ауыр жарақат болғанын айтты.