СІМ: Қос қазақстандық Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеген

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Оңтүстік Кореяда болған жағдайға қатысты мәлімет берді.

2021 жылғы 12 қазанда Чонджу қаласында (Корея Республикасы) Қазақстанның екі азаматы арасында болған тұрмыстық жанжалдың салдарынан біреуі пышақ жарақатын алып, соңынан қайтыс болды. Қазіргі уақытта кісі өлтірді деген күдікті Қазақстан азаматы тұтқындалып, тергеу изоляторына қамалды. Сеулдегі ҚР Елшілігінің консулдық бөлімі марқұмның денесін Қазақстанға жіберу мәселесін шешіп жатыр, – деп мәлім етті Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, аталған қазақстандық азаматтар Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген.

Еске салайық, 12 қазан күні Оңтүстік Корея республикасының Чонджоу қаласында екі қазақстандық азаматтың арасында жанжал шығып, соңы қайғылы жайтқа ұласты. Азаматтардың бірі жерлесін пышақтап өлтірген. Марқұмның денесі жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 16:51-де табылды.