Мұғалімдердің айтуынша, балалардың сабақ үстінде телефон пайдалануы оқушылардың оқу үлгеріміне кері әсер етеді. Ақтөбе облыстық білім беру басқармасының бастамасын ата-аналар да бір ауыздан қолдаған. Себебі көпфункциялы қымбат смартфонға үңілген оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы төмендеп кеткен. Ал жоғары сынып оқушылары болса, әлеуметтік желілерге тіркеліп, зияны мол сайттардың құрбаны болуы мүмкін. Смартфонға тиым салынбас бұрын, бұл мәселе жан-жақты талқылаудан өтті. Мысалы, медицина мамандары ұялы телефонға үңілген оқушының көру қабілеті нашарлайтынын айтады.
Бақытбек Ержан, №35 орта мектеп директоры:
— Осындай жағдайлар болды, балалар сабақтан шығып келе жатқанда, үлкен смартфонмен сөйлесіп келе жатқанда тартып алған жағдайлар болды үлкен балалар. Сындырып алатын кездер болды, енді қымбат нәрсе ғой. Ол енді баланың денсаулығына, психикасына көп әсер етеді.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы, Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы сынды басқа да өңірлерде оқушылар мен мұғалімдерге мектепте смартфон ұстауға тыйым салынған еді.