Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, ведомство жол-көлік оқиғасын тергеп жатыр.
16 қазан күні сағат 19.14 шамасында Шардара аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімі 102 пультіне жол апаты туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер облыстық маңызы бар Жетісай-Шардара автожолының 172-шақырымында Opel Vectra автокөлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Audi-100 автокөлігімен соқтығысқанын анықтады, — делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында екі жеңіл көліктің жүргізушілері мен 4 жолаушы қаза тапты, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. 6 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі «Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан Жол жүрісі және көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша Шардара аудандық полиция бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тергеумен Түркістан облысы полиция департаменті анықтаушылары айналысып жатыр. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайы анықталатын болады. Осы тұста ескерте кететін жайт, жедел-тергеу тобы оқиға орнын мұқият зерделеу кезінде, аталған автожолда қандай да бір заң бұзушылықтар жоқ екенін анықтады. Яғни, жол қозғалысына қатысушылар үшін жақсы көрінетін, жүргізушілерді ескертетін жол белгілері орнатылған, — делінген хабарламада.
Түркістан облысының полицейлері көлік жүргізушілеріне үндеу жасады.
Әрдайым жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар! Бұл өзіңіздің де өзгенің қауіпсіздігі үшін маңызды! Құрметті жүргізушілер: жолда жүргенде жылдамдықты асырмаңыздар, қарама-қарсы бағытқа шықпаңыздар! Жол ережесіне мұқият болыңыз!, — делінген хабарламада.