Нұр-Сұлтанда Қажымұқан Мұңайтпасұлына ескерткіш орнатылды

Іс-шара Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған Республикалық мектеп-интернат-колледжіндегі «Жас батыр» спорт кешенінде өткізілді.

Ашылу рәсіміне мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, қала әкімі Алтай Көлгінов, грек-рим күресінен екі дүркін Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов пен бірқатар спорт және қоғам қайраткері қатысты.

Еліміздің әртүрлі жерлерінде, спорт кешендерінде Қажымұқан Мұңайтпасұлы атамыздың есімі кішкентай бүлдіршін спортшыларымыз үшін мәңгілік болмақ. Өйткені қазақтың атын бүкіл дүниежүзіне паш еткен. Ешқандай да жарыста жеңілмеген. Әртүрлі күрестің түрлерінен әлем чемпионы болған Қажымұқан атамыздың қазақ халқы үшін еңбегі зор. Атамыздың есімі әрқашан спортшыларымызға демеу болып алға жетелейді, — деді мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен бірге шараға Алматыдан күш атасының немересі композитор Бақытжан Қажымұқанов келді.

Алғашқы рет еліміздің бас шаһарында Қажымұқан атамыздың ескерткіші қойылып отыр. Мәдениет және спорт министрі мен  ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін. Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт мектебінде болашақта еліміз мақтан тұтатын, атамыздың ізін қуған Олимпиадашылардың шығатынына сенімім мол, — деп қуанышымен бөлісті композитор Бақытжан Қажымұқанов.

Сонымен қатар оқу орнындағы спорт кешеніне «Қажымұқан» атауы беріледі.

Мектебіміздің оқытушылар кеңесінің қаулысымен Қажымұқан атамыздың атын беруді ұйғардық. Сол себепті бүгін білім ордасының қаражатымен Қажымұқан Мұңайтпасұлына мәңгілік ескерткіш қаладық. Келешек елдің тізгінін ұстайтын ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мақсатында атаулы шараны ұйымдастырып отырмыз, — деді Қ.Мұңайтпасұлы атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған республикалық мектеп-интернат-колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Қалиева.

Айта кетейік, Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1871 жылы 7 сәуірде сол кездегі Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген. Дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Поль Понс сынды палуандармен күрескен.