СҚО-да 17 жастағы жасөспірім граната тауып алды

Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірінің 17 жастағы тұрғыны алаңқайдан гранатаға ұқсас затты анықтаған. Бала оны туысының үйіне әкелген, ал ол полицияға хабарлаған.

Соколов поселкелік полиция бөлімшесінің қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алып, жақын маңдағы үш үйдің жеті тұрғынын қауіпсіз жерге көшірді. Мамандар қауіпті затты арнайы қалыпқа салды. Табылған зат «УЗРГМ» тұтандырғышы бар «РГД» гранатасы болып шықты.

Зат сараптамаға жіберілді, кейін арнайы жағдайларда жойылады, – деп хабарлады Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Нұрлыжан Ақтанов.

Полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушысы жарылғыш зат табылған жағдайда өздігінен жарылып кетпеу үшін оларды көшіруге, орнын ауыстыруға болмайтынын еске салды.