Алматыда Қыздар университетінің жерін жымқырды деген күдіктілер ұсталды

Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкерін, Қарасай аудандық «Азаматтарға арналған үкімет» кәсіпкерлік емес акционерлік қоғамы Алматы облысы бойынша филиалының жер және жер кадастры бөлімі мен Қарасай аудандық әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшыларын университеттің Кемертоған аулында орналасқан 9 гектар жер учаскесі түріндегі меншігін жымқырды деген күдікпен ұстады, — деді ведомство өкілдері.

Университеттің жер телімі заңсыз түрде бірнеше учаскеге бөлініп, ұсталғандар арасында жалған құжатпен үлестірілген, кейін оны біреу заң жолымен сатып алған.

Осы тұлғалар 2021 жылдың қаңтарында қылмыс іздерін жасыру және жер учаскесін университет балансына жалған жолмен қайтару мақсатында мемлекеттің жер қорынан құқық белгілейтін құжаттарсыз Көлді аулында, санитарлық аймақта орналасқан және жекеменшікке беруге жатпайтын жер учаскесін заңсыз бөлген, — делінген хабарламада.

Бүгінде барлық күдіктіге сот санкциясымен бұлтартпау шарасы таңдалғаны хабарланды.

Тергеу жалғасып жатыр, жасалған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.