Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі әкімдік меншігіне қайтарылды

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мұражай-үйді қоғамдық қордан коммуналдық меншікке беру туралы шешім қабылданғанын айтты.

Келер жылы көрнекті ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толады. Мерейтойға дайындық барысында қоғам қайраткері тұрған мұражай-үйді қала меншігіне қайтардық. Оның мұрасы мәңгілік сақталады, – деп жазды Бақытжан Сағынтаев Іnstagram-дағы парақшасында.

Фото: Бақытжан Сағынтаевтың Іnstagram-дағы парақшасынан алынды

ХХ ғасырдың басында салынған мұражай ғимараты республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Ғимараттың жалпы ауданы – 160 шаршы метр. Мұражай 1993 жылы құрылды және 1998 жылы ресми түрде ашылды. Онда Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 500-ге жуық құнды материал сақталған.