Ақан Сатаев Томирис туралы фильм түсірмек

«Иә, дәл осы киноны түсіруге үлкен ниет бар. Біз әлемдік тарихты өзгерткен тұлғалар туралы тарихи фильмдерді түсіруіміз керек. Осыны тиісті деңгейде, халықаралық дәрежеде жасай алатын болсақ, халықтың көңілінен шығып қана қоймай, фильмге кеткен шығынды да толығымен ақтай аламыз. Ондай картиналарды Таяу Шығыс, Америка және тағы басқа елдерге халықаралық прокатқа шығаруға болады», — деді Сатаев.

Оның айтуынша, бүгінде фильмнің синопсисі, яғни сценарийдің қысқартылған нұсқасы дайын. Қаржы мәселесі әлі шешілмеген. Дегенмен, режиссер түсіру жұмыстарын ағымдағы жылдан қалмай бастауға ниетті.

Айта кетейік, сақ патшайымы Тұмардың есімі ежелгі жазбаларда Томирис деп көрсетілген. Б.з.д. 530-529 жылдары Мидия елінің патшасы Кир көптеген елдерді өзіне бағындырып, «Азия әміршісі» атағына ие болып, Ұлы Далаға қарсы жорыққа шықты. Грек тарихшысы Геродот «ең кескілескен және ұлы шайқас» деп суреттеген оқиға парсы патшасы Кир мен Томиристің арасында болған.

ДереккөзInform.kz