2003 жылы желтоқсанда президент өлім жазасын толығымен жою туралы шешім қабылдағанға дейін мерзімсіз мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойды.
Хаттама өлім жазасын жою үшін қажетті шаралар қабылдауға міндеттейді, бірақ ескерту жасалған жағдайда қолдануға мүмкіндік береді. Қазақстан осыны пайдаланып, ратификациялау кезінде тиісті ескерту жасады. Ескертуге сәйкес Қазақстан сотталушыны соғыс кезінде жасалған аса ауыр әскери сипаттағы қылмысы үшін кінәлі деп тапқаннан кейін соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырады, − деп хабарлады Мәжіліс отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.
Оның айтуынша, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алып тасталады.
Өлім жазасын қылмыстық кодекстің төрт бабында ғана қалдыру ұсынылады. Атап айтқанда, соғыс қимылдарымен байланысты және соғыс уақытында жасалатын бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы ең ауыр қылмыстар үшін қалады. Оларға қолданыстағы Қылмыстық кодекске сәйкес басқыншылық соғысты тұтандыру немесе жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзу, сондай-ақ, соғыс кезінде жасалған геноцид жатады, − деп атап өтті Ә.Шындалиев.
Сонымен бірге заң жобасын талқылау кезінде құқықтық актілер туралы заң талаптарына сәйкес заңнаманың түсіндіру аппаратында терминдердің қазақ және орыс тілдеріндегі жазылу тәртібіне қатысты редакциялық нақтылаушы сипаттағы түзету ұсынылды.
Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Баяндалғанның негізінде комитет осы заң жобасын бірінші оқылымда Парламент Мәжілісі жалпы отырысының талқылауына енгізуге болады деп есептейді, − деп айтты заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде комитет заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.