«Жаңа 2017 жылдағы жұмысымызды бастаймыз. Жылдың басында өңiрлерге барып, сайлаушылармен кездестiк. Бұл кездесулер қабылданып жатқан заңдардың жүзеге асырылу деңгейiн бағалауға, тұрғындардың пiкiрi мен ұсыныстарын ескеруге мүмкiндiк бередi», — дедi Н.Нығматулин.
Палата төрағасы осы сессияның соңына дейiн көптеген маңызды заңдарды қабылдау қажеттiгiн атап өттi.
«Мәселен, бүгiн бiрiншi оқылымда жергiлiктi өзiн-өзi басқару мәселелерi бойынша заң жобасын қарастырамыз. Алдағы уақытта денсаулық сақтау және әлеуметтiк еңбек саласы мәселелерi бойынша заң жобасын талқылаймыз. Сондай-ақ бiздi «Жол қозғалысы туралы», ақпарат және коммуникация мәселелерi, коммерциялық емес ұйымдардың қызметi секiлдi заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтiп түр. Бұдан бөлек, салық және жер қойнауы туралы кодекстердi пысықтауымыз қажет», — дедi ол.
Оның айтуынша, заң жобаларымен жұмыс барысында азаматтық қоғам өкiлдерiмен тұрақты диалог орнатылып, палата жұмысының ашықтығы қамтамасыз етiледi.
«Орталық атқарушы органдардың қызметiнiң түрлi аспектiлерiн парламенттiк бақылауды қамтамасыз етуде үкiмет сағаты маңызды рөл атқарады. Осы сессияның соңына дейiн Мәжiлiс депутаттары алдында үкiмет сағаты аясында үкiметтiң 15 министрiнiң 11-i қоғамның назарындағы мәселелер бойынша баяндама жасайды. Парламенттiк тыңдаулар өтедi, онда дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету және фармацевтикалық саланы дамытудың жағдайы талқыланады», — дедi Мәжiлiс төрағасы.
Осылайша, Н.Нығматулин атап өткендей, Мәжiлiс қызметiнiң негiзгi бағыттары бұрынғыша заң шығарудың сапасын арттыру, мемлекеттiк органдардың заңдарды жүзеге асыруын бақылауды күшейту мәселелерi болып қала бермек.