Басты бетБілімЕлімізде бірінші...

Елімізде бірінші класс оқушылары үшін жаңа пән енгізіледі

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова айтты.

Оның айтуынша, үшінші тоқсанда оқу бағдарламасына алғаш рет «Цифрлық сауаттылық» пәні енгізіледі. Бұған дейін оқушылар үшінші сыныптан бастап «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқыған болатын.

Оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бүгінде цифрлық әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазір смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі кіші жастағы балалар пайдаланып жатады. Цифр сауатты – оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Сондықтан балаларды цифр сауаты мен ақпарат қауіпсіздігі негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды. Әлбетте, жаңа пәнді оқыту барысында балалардың жас ерекшеліктері де ескеріледі, – деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

Сонымен бірге 4-сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және 5-11 сыныптарға арналған «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралды. Жаңашылдықтар балалардың ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім алуына бағытталған.

Гүлмира Кәрімова мектеп бағдарламасы шеңберінде ең танымал Python бағдарламалау тілі оқытылатынын, 5-9 сынып оқушылары 3D-модельдеу мен 3D-принтингке бойынша білім алатынын айтты.

10-11 сыныптардағы «Информатика» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы IT-саласының заманауи даму үрдістерін ескере отырып әзірленген. Оқыту бағдарламасында IT-STARTUP, виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект, мобильді қосымшаларды әзірлеу, BigData және тағы басқа тақырыптар бар. Сондай-ақ барлық сыныптың оқу бағдарламаларына Интернет желісіндегі қауіпсіздік ережелері, авторлық құқық туралы тақырыптар енгізілген.