Желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау мақсатында деректі фильм түсіріліп жатыр. Студент жастар арасында Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбековтің құрметіне бокстан, Е.Сыпатаевтың құрметіне қазақша күрестен турнир ұйымдастырылады. Қазақтың батыр қыздары Л.Асанованың, С.Мұхамеджанованың және К.Молданазарованың құрметіне өңірлерде оқушылар арасында шығармашылық патриоттық іс-шара өткізіледі. Жалпы елімізде Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашу, ескерткіш, монументтер орнату бойынша жұмыс бюджеттің мүмкіндіктеріне сәйкес жүргізіліп жатыр, − деп жауап берді Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының сауалына.
Ералы Тоғжановтың айтуынша, Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде Желтоқсан оқиғасы мен оның қатысушылары есімімен 111 нысан ашылды. Бұдан бөлек, президенттің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы № 540 жарлығына сәйкес елімізде желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылықтан босатылды.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалған азаматтардың «ақтау туралы» анықтаманы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзінің дәлелді құжаттарын жергілікті прокуратура органдарына ұсыну арқылы ала алады. Анықтама алу тәртібі барынша жеңілдетілген. 2020 жылы Алматыда ақталған желтоқсандықтардың саны 400 адам болса, 2021 жылы 516 адамды құрады, − деді үкімет басшысының орынбасары.