Басты бетЖаңалықтарҚарағандыда роупджампингтен...

Қарағандыда роупджампингтен секірген адам мерт болды

Әйел биік ғимараттан секіріп, салдарынан ол жердегі бетон жабындыға құлап түсті. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді: миы шайқалған, ісіген, миішілік гематома, травматикалық шок. Оған шұғыл түрде ота жасалғанымен, ол қайтыс болды.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі «Созвездие» қонақүйінің аумағында болған өлім жағдайына түсініктеме берді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 1-бөлігі «Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету, сол сияқты көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың немесе қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын ресми құжатты заңсыз беру немесе пайдалану, егер бұл әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқса» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жағдай анықталып жатыр, − делінген хабарламада.

Осы бап бойынша күдікті белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырылуы мүмкін. Немесе бұл тыйым қолданылмастан, 160 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не болмаса 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылуы ықтимал немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген.