Енді Наруто, Пейн, Мадара қазақша сөйлейді. Өйткені Dopamine voice командасы жапон анимесін қазақ тіліне аударып, дубляж жасап жүр. Baribar.kz тілшісі топ мүшесі Абылайхан Жарылқасынмен әңгімелесті.

«Мақсатымыз — қазақша сапалы контентті көбейту»

Dopamine voice — Қазақстанның әртүрлі қаласында тұратын 16-25 жас аралығындағы қарапайым әрі талантты қыз-жігіттер. Қазір 9 адамбыз. Бірі — студент, бірі вахтада жұмыс істейді, енді бірі — журналист. Әркімнің өз өмірі, бағыты бар, дегенмен бәрімізге ортақ екі нәрсе — анимеге деген қызығушылық және қазақ тіліне деген жанаршырлық.

Өзім қазақ және орыс тілдерінде акцентсіз сөйлеймін, бірақ ойымды қазақша толық жеткізуге қиналамын. Өйткені бала күнімде ақпаратты көбіне орыс тілінде алдым. 13-14 жасымнан мультфильмді, фильмді орысша көрдім, осы тілде ойлап, осы тілде сөйледім. Өкінішке қарай, бұл мәселе қазір де өзекті болып отыр. Әлі күнге дейін қазақша қызық бағдарлама мен материал аз.

Біздің, Dopamine voice-тың мақсаты — сапалы қазақша контентті көбейту. Біз «Неге қазақша сөйлемейсің?» деп біреуді мәжбүрлемейміз және оған ұрыспаймыз. Азаматтарда тек таңдау болғанын қалаймыз. Мысалы, банкоматты қолдану кезінде қазақ, орыс және ағылшын тілінде қызмет алуға болады. Иә, қазақ тілі батырмасын таңдайтын адам аз шығар. Дегенмен бастысы адамдардың таңдау құқығы бар. Ел азаматтары қазақша ақпарат алудан қиналмауы керек деп ойлаймыз.

Dopamine voice-тың құрылғанына екі жылға жуық болды. 4 ай бұрын топтағы қыз-жігіттер менің басқа дубляж жұмысымды көріп, командаға шақырды.

Аниме қазақша контент
Абылайхан Жарылқасын. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Неге жапон анимесі?

Жапонияның мәдениеті өте ауқымды. Оның ішінде аниме жанры жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруімен ерекшеленеді. Мысалы, жасөспірімдер өзін жалғыз сезінеді, тұйық бола түседі, өз әлемінде проблемасымен жүреді. Ал аниме желілері балалардың ішкі жан дүниесін түсінуге, оларды қолдауға, проблемасын шешуге көмектеседі. 

Кішкентайымнан анимені кәдімгі мульфильм ретінде көріп өстім, бірақ аударма жасағалы бұл жанр ерекшелігімен ұнай бастайды. Қазір Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында «Режиссура» мамандығы бойынша оқимын. 4-курс студентімін. Қосымша жапон анимесі, мангасына толық үңіліп, зерттеп жүрмін.

Жапон анимесі қазақ тілінде өте әдемі естіледі. Әуеліде қазақша аниме көрермендерге таңсық болды, тіпті кейбірі қабылдай алмады. Кейін Instagram-ға қысқа фрагменттерді үш тілде салып жүрдік. Сол кезде адамдар жапон анимесі қазақ тілінде әдемі естілетінін сезіне де, түсіне бастады.

Қазақ тілі — оралымды, ырғақты тіл. Осы себепті де аниме мен қазақ тілі үйлесім таба алды.

Аниме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Көрерменмен үнемі байланыстамыз»

Dopamine voice толықметражды немесе сериялы анимені аудармас бұрын көрерменге эдит ұсынады. Эдит — 10-15 секундтан тұратын қысқа видео. Мұнда біз анименің ең қызық және кульминация сәтін бөлісеміз. Көп адам қызықса, оны толық аударамыз.

Осыған дейін көп анимеге дубляж жасадық. Мысалы, «Сенің есімің», «Титандар шайқасы» және тағы басқа. Менің табиғи дауысым бәсең болғаны себепті көбіне зұлым кейіпкерлерді дыбыстаймын.

Біз көрерменмен үнемі байланыстамыз, тіпті кейде кейіпкердің дауысын да халыққа таңдатамыз. Бірнеше дауысты ұсынып, адамдар лайық, кейіпкерге үйлеседі деп шешкенін таңдаймыз.

«Ешқандай табыс таппаймыз»

Бір ай бұрын дыбыс жазуға арналған құрал-жабдық сатып алдым. Негізі топ мүшесінің көбінде арнайы аппарат жоқ. Көбісі айналадағы артық дыбыстар жазылып қалмауы үшін көрпе астында бүркеніп, қолда бар телефонмен жазады. Бастысы — ниет. Бұл іс өзімізге ұнаған соң айналысамыз. Әзірше жобадан ешқандай табыс таппаймыз.

20-40 минуттық бір серияны жазуға 2-3 күніміз кетеді. Әркім ыңғайлы уақытта, қолы босағанда дыбыстап жібереді. Жұмыс процесінің өзі қызық. Мысалы, өзім түнгі ауысымда жұмыс істеймін. Жұмыстан келген соң бірден ұйықтасам, өзім тұрғанымен, дауысым ояу болмауы мүмкін. Сол үшін дубляжды ұйықтамай тұрып жазып тастаймын. Елжас есімді жігіт вахтада жұмыс істейді. Жұмыстағы әріптестерімен бір бөлмеде жатса да, амалын тауып дыбыстайды.

Аниме, Абылайхан Жарылқасын
Абылайхан Жарылқасын. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Қазақтың төл әріптерінің дұрыс дыбысталуына мән береміз»

Бұл жобалар үшін табыс таппасақ та, жауапкершілікпен қараймыз. Әлеуметтік желіде жариялайтын қысқа эдиттің өзін алдын-ала талқылаймыз. Аударма жасамас бұрын анимені толық көріп шығамыз. Себебі сценарийді, мән-жайды білмей, кейіпкердің мотивациясын, эмоциясын жеткізу мүмкін емес. Даусымыз дұрыс шықпаса, кей сөз құлаққа жағымсыз болса, қайта жазамыз.

Көбі аудионы смартфонға жазады. Топтағы Әділ есімді жігіт барлық артық дыбысты алып, тазалайды. Кейіпкер үңгірден сөйлеп тұрса, сол атмосфераны береді.

Ең қиыны — сөзімізді кейіпкердің аузына дәл келтіру. Қазақша сөздер қиын, сөйлемдері құрмалас. Соның кесірінен кейде сөзіміз кейіпкердің ауыз қимылымен сәйкес келмей жатады. Мұндай кезде синоним қолданамыз, сөйлемдерді қысқартамыз.

Қазақ тілі грамматикасына да мән беруге тырысамыз. Әділ мәтінді қазақшаға аударумен айналысады. Мадияр Мұратов есімді журналист жігіт оның мәтінін тексеріп шығады. Менің анам — филология доценті. Ол да ескетулерін айтып отырады. Қазақтың «Ң» сияқты төл әріптерінің дұрыс дыбысталуына да мән береміз.

Аниме
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Қазақша контентті қолдаушы жоқтың қасы»

TikTok арқылы екі ай сайын жаңа адамдар іздейміз. Себебі жаңа жобаға жаңа дауыс қажет. TikTok-та эдитті дыбыссыз жариялап, оны өзгелердің дыбыстауына мүмкіндік береміз. Кейін дыбысталған видеолар ішінен ұнағанын таңдап, командамызға шақырамыз.

Өкінішке қарай, Қазақстан телеарналарындағы сериалдарға, жарнамаларға бәрімізге белгілі адамдар түседі. Дубляж, кино саласында кастинг толықтай ашық өтпейді, жастардың үнін естімейміз. Қазақстанда қаншама талантты жас бар. Жобамыз кішкентай ғана болса да, оларға мүмкіндік бергіміз келеді.

Қазір ақырындап танылып келеміз. Біздің қыз-жігіттер мемлекеттік екі тілді жетік меңгерген, сол себепті орыс тілінде тапсырыстар келіп жатыр, бірақ қазіргі жобаларымыздың мақсаты қазақша контентті көбейту, кеңінен тарату болғандықтан бұл ұсыныстарды қабылдауға асықпадық. Осылай ұсыныс жасап, қазақша контентті қолдайтындар болса екен дейміз.

Болашақта Dopamine voice мүшелері бұл іспен түбегейлі айналыса ма, жоқ па, білмеймін. Дегенмен қазір бәріміздің ынтамыз, ниет, жігеріміз, мақсатымыз бар. Сол үшін тоқтамаймыз. Келешекте жеке құрал-жабдығымыз бен арнайы студиямыздың болғанын қалаймыз.