Елімізде қала және облысаралық автобустарда электрон билет енгізіледі

Электрон билетті қағаз билеттермен қатар қолдануға болады. Бұйрықта электрон құжатты пайдалану тәртібі де жазылған.

Егер жолаушы электрон жол жүру құжатын (билет) сатып алса, онда автобусқа мінгенде электронды билет немесе жеке басты куәландыратын құжатты көрсету керек. Жеке куәлікті цифрлық құжаттар қызметі арқылы көрсетуге де болады. Ал электрон жол жүру құжаты болса, қағаз билет берілмейді, — делінген бұйрықта.

Халықаралық, қалааралық және облысаралық рейстерге жаңа үлгідегі билетті автовокзал, автостанция, жолаушыларға қызмет көрсету пункттері немесе электронды билет сату жүйелері арқылы сатып алуға болады. Жүкті тасымалдау ақысы да солай төленеді. Билет алғанда жеке куәліктің түпнұсқасын немесе цифрлық құжаттар қызметіндегі электрон нұсқасын көрсету керек. Автобусқа мінгенде бақылаушылар барлық құжатты тексереді.

Бұдан бөлек, бұйрықта автобус пен такси жүргізушілеріне қатысты өзгерістер бар. Атап айтқанда, қалааралық автобустардың жүргізушілері рейс алдында және одан кейін медициналық тексерістен өту керек. Ал оның мерзімі рейске дейін және рейстен кейін жарты сағаттан аспауға тиіс. Такси жүргізушілеріне де тура сондай талап қойылып отыр.

Айта кетейік, министрдің бұйрығы 4 қазанда шыққан. Осы құжат 60 күннен кейін күшіне енеді.