1. Азға қанағат ету
Қазіргі уақытта адамдарға тапшы болған ең басты құндылықтардың бірі — қанағатшылық. Ауқатты адамдар өздеріне қатты қажет болмаса да, жаңа дүниелерді сатып алудан шектелмейді. Соңғы үлгідегі смартфон шығып, трендтен қалып бара жатса, өздерін бақытсыз сезіне бастайды. Телефонның басты қызметі байланыс болса да, сәннен қалуды көтере алмайтындардың бар екені де рас. Ал қайыршы тойып тамақ ішіп, жатар жылы орын тапса, сол күніне дән риза болады. Одан бақытты адам жоқ. Дегенмен, қанағатшыл бола білген кез келген қоғам өкілі бұл бақыттың дәмін сезіне алады.
2. Жануарларға қамқор болу
Үйсіз, күйсіз жандардың қасынан көгершін, ит, мысықтарды жиі кездестіруге болады. Қарапайым адамдардың көпшілігі үстел үстінен артылып қалған жуындыларды бірден қоқысқа лақырып жатады. Алайда сол қалдыққа мұқтаж болған талай тіршілік иесі бар. Ал тіленші өзі тойып тамақ ішпесе де, аш қалған жануарлармен барын бөлісіп жатады. Себебі олар аштықтан бұрын мейірімділіктің не екенін біледі.
3. Уақыттың қадірі
Адам өмірі қарбалас, асығыстық, жұмыс пен үй арасында білінбей өтіп жатады. Бір ісін тындырса, екіншісіне үлгермей, түрлі күйзелісті арқалап жүреді. Ал үйсіз адамдарда өмір керісінше. Асығыстық оларға жат. Егер қайыршымен тілдесіп көрсеңіз, олардың өмір жайлы түсініктері өзгеше, терең екендігін аңғарасыз. Адам өмірінің қашан таусылатыны белгісіз. Қайыршылардың қарапайым жандардан басты айырмашылықтарының бірі: олар қазіргі уақытпен өмір сүреді.
4. Көпшіліліктің пікірінен қорықпау
Былтыр киген тоныңызды биыл қайта кию көзге оғаш көрінеді деп ойлайсыз ба? Әлде оны шынымен қатарынан екі жыл киіп тастадыңыз ба? Әйелзатының көпшілігі тырнағынан сән байқалмаса, қолын жумағандай көпшіліктен ыңғайсызданады. Ал қайыршыларда мұндай мәселе жоқ. Олар тапқанын немесе аяушылық танытқандардың сыйлағанын киеді. Олар сұлуынан жылуын іздейді, сондай-ақ киімі болса да ашық-шашық жүретіндер қатарынан емес. Көпшіліктің пікірі оларды қорқытпайды.
5. Өмірге деген махаббат
Көзтартарлық ғұмыр болмаса да, қайыршы өз өмірінің құнын біледі. Кей адамдар өмірінің соңына дейін дүние жыяды. Ал қайыршы жанын сақтау үшін тіршілік етеді. Себебі олар өмірді сүйеді. Қазіргі уақытта өз-өзіне қол жұмсайтындар қатары артқан. Ең қызығы, өмірін қиюға баратындардың көпшілігі тұрмыс-тіршілігі әлдеқайда жақсы адамдар. Олар барды бағалауды ұмытқандықтан ғана осындай қадамдарға барады. Ал қайыршыны қуанту оңай. Көктемгі күннің шуағы, самал жел, ыстық нанның иісі, тәтті шайдың дәмі олардың жүзіне күлкі əкеледі.
6. Жомарттық
Бір жапырақ нанды бөлісіп жеп отырған үйсіздерді сіз де көрген боларсыз. Бұл — «жомарт болу үшін бай болу керек» деген түсінікке қарсы тағы бір мысал. Қайыршыға сараңдық тән емес. Ал, ауқатты адамдардың көпшілігі басқа түгілі, керек емес заттарымен қимастықпен қоштасып жатады. Бұл өмірдің кезекті бір шындығы.
7. Төзімділік
Адам баласына ең қажетті қасиеттің бірі. Төзімі жетпей, ажырасып кеткен отбасылар қаншама, шыдамы жетіспей отбасына жалғыз кіріс әкеліп отырған жұмыстан бас тартқандар да аз емес. Сынақ келсе шыныдай шытынау — адам сәнін кетірген сүйкімсіз әрекет. Ал қайыршы, суыққа да, ыстыққа да төзіп, бір үзім нан мен жылы орын іздеп күреседі. Ол күрестің қашан аяқталатыны да белгісіз. Дей тұрғанмен, бақытты ғұмырдан да үміт үзбейді.
Адамға жағымды қасиеттері аз болса да, қайыршыдан үйренетініміз жоқ емес. Олар кез келген адамға жақсы үлгі бола алады. Егер сол үлгіні ұстанатын болса, қоғамның кей дертіне ем табылатындығы сізге де түсінікті.