Белгілі болғандай, судья Абай Көкжалов бұзушылықты жою үшін істі прокуратураға қайтарған. Алайда айыпталушыларды «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.
Сот алқасы қаулы етті. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2021 жылғы 28 мамырдағы Рашид Аманжолов, Жанат Нұрпейісов, Талғат Әшім, Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов, Дәурен Әбдіхамитовке қатысты үкімінің күші жойылды. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының басты сот талқылауына кедергі келтіретін елеулі бұзушылықтары мен нормаларын жою үшін қылмыстық іс Нұр-Сұлтан прокурорына қайтарылды, – деді Абай Көкжалов Нұр-Сұлтан қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында.
Осы жылдың 28 мамырында LRT жобасын іске асыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша сотталушыларға үкім шыққан еді. Айыпталушылар 7 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Нұр-Сұлтан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов 10 жыл, қалалық мәслихаттың экс-депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 8 жыл жазасын өтейді. Ал Astana Innovations бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім 7 жылға, ЖШС өкілі Ұлықбек Ачилов 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен бірге мердігердің өкілдері Дәурен Әбдіхамитов 8, Дулат Мусенов 7, Тимур Қасабаев 8 жылға сотталды.
Еске салайық, Нұр-Сұлтанда LRT құрылысы кезінде 5,8 миллиард теңге ұрлау ісі бойынша сот процесі 2020 жылы 29 қазанда басталды. Барлық сотталушыға «бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену» бойынша іс қозғалды. Алайда биыл қыркүйекте сотталғандар аштық жариялап, оларды апелляциялық сатыдағы істі қарауға қосуды, оларға сөйлеуге және сотқа қатысуға мүмкіндік беруді талап етті.