Премьер-министрдің айтуынша, отандық киноиндустрия саласына бизнесті көптеп тартып, моноқалалар мен шағын қалаларда кинотеатрларды көптеп ашу қажет. Сонымен қатар, кино бизнес болса, оған кәсіпкерлер көптеп келуі керек.
«Егер фильмнен пайда түспесе, киноиндустрияның дамуы да екіталай. Ондайда сапасыз фильмдер көбейіп кетеді. Оны бір рет көреді де, ұмытып кетеді, ақша да құмға сіңген судай жоқ болады. Сондықтан киноны бизнес ретінде дамытатын болсақ, сапалы фильмдерді, xалық көретін фильмдерді түсірген дұрыс. Сосын қанша ақшаның ақталғанын бірден анықтап отыру қажет. Иә, сапалы фильмдерді түсіру үшін ақшаның көлемі аз болмауы тиіс. Әрине, әзірше біз Голливуд, я болмаса, Боливудтың деңгейінде түсіре алмайтын шығармыз. Сондықтан кинемотографияны дамыту тұжырымдамасы аясында отандық киноиндустрияны қолдау шараларын қайта қарап шыққанымыз жөн болар», — деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұған мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы үш жылда ауқымды әлемдік прокатқа «Қазақфильмнің» 75 картинасы ұсынылғанымен жауап берді. Министр ол туындылардың барлығы қазақстандық кинематографтың мүмкіндіктерін барынша көрсете алған.
Олардың ішінде өткен жылғы ресейлік және қазақстандық прокатта көшбасшы болған «28 панфиловшы» фильмі, премьералық көрсетілімі Ресей, Қытай, Франция, Гонконг, Грекия елдерінде өткен «Көшбасшы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімі – «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі, Ақан Сатаевтың «Анаға жол» картинасы бар.
Мәдениет министрінің айтуынша, жалпы кинопрокат көлеміндегі отандық фильмдердің үлесі бүгiнде 6%-ды құрайды.
Ресми статистикаға сәйкес, елде қызмет ететін 35 киноөндіріс ұйымы жылына 250-ден астам кинокартина түсiредi, оның ішінде телевизиялық және жеке жобалар да бар
«Кинокөрсетілімді 93 кинотеатр, 247 кинозал және 368 жылжымалы және стационарлы киноқондырғылар қамтамасыз етеді. Кинотеатрларда жиналатын қаржының жалпы сомасы 10 миллиард теңгені құраса, оның 7%-дан астамы қазақстандық фильмдерге тиесiлi», — дедi Арыстанбек Мұхамедиұлы.