— Нұрсұлтан, оқушыларды олимпиадаға дайындағанда ең әуелі неге мән бересіз?

— Класта сабақ беру мен балаларды олимпиадаға дайындаудың біраз айырмашылығы бар. Олимпиадаға қатысатын оқушының бойында «спорттық қызығушылық» қалыптасуы керек. Ол балада жеңіске деген ұмтылыс, ынта болу қажет. Кейде математиканы жақсы меңгерген, есепті тез әрі дұрыс шешетін, бірақ жарысқа қатысқанда қабілетін көрсете алмайтындар кездеседі. Мұндай балаларға мотивация беру қажет. Көбіне рейтинг жүргізу, жылдамдыққа есеп шығару, мадақтау, бәсекелестік сияқты әдіс-тәсілді қолданамыз.

Ал кәдімгі класқа сабақ беру кезінде бұл әдіс-тәсіл тиімсіз. Мұндағы мақсат — пәнді оқыту, түсіндіру. Бала математика базасын ғана қабылдап шығуы мүмкін, бұл — қалыпты нәрсе. Болашақта өміріне сол ақпарат та жеткілікті болуы мүмкін.

Кей бала математикаға жарыс немесе сабақ емес, ғылым ретінде қарайды. Мұндай оқушылардан келешекте мықты ғалым шығуы әбден мүмкін.

Педагог
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— «Қазіргі балалар математикадан гөрі шығармашылыққа жақын» деген пікір бар. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

— Бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Өзім жұмыс істейтін мекеме — физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі. Мұнда оқушылар саналы түрде физика, матемтиканы таңдап, тереңірек оқиды. Өзімнің көріп жүргеніме сүйеніп айтсам, бүгінде нақты математикаға қызықпаса да, физика, химияға жақын, программалау немесе робототехникаға қызығатын оқушы көп.

— Қазақстандағы математика пәнінің бағдарламасы мен оқулықтары халықаралық олимпиададағы тапсырмаларды қаншалықты қамтиды?

— Мектеп оқулықтары мен олимпиададағы тапсырманың айырмашылығы бар. Біздің оқулықтарда күрделі есептер бар, дегенмен жарыста берілетін тапсырма сияқты қиын емес. Олимпиадада бала өзі алгоритм ойлап табуы керек. Өзім мектеп оқулықтарының олимпиада тапсырмалары сүйеніп жасалмағаны да дұрыс деп ойлаймын. Себебі екеуінің мақсаты екі түрлі.

Қазақстанда математика бағыты жақсы дамыған. Елімізде ұйымдастырылатын олимпиадалар да жоғары дейгейде өтеді. Мысалы, Орымбек Жәутіков атындағы республикалық олимпиада халықаралық формат бойынша өтеді. Балаларды жарысқа дайындайтын кәсіби, мықты тренер көп. Халықаралық жарыстарда 100-150 мемлекет қатысса, Қазақстан үздік 30 немесе 20 елдің қатарынан көрініп жүр. 

Педагог
Нұрсұлтан Қажымұратов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Алайда мемлекет осыған дейін спортшыларға сыйақы ретінде үй, көлік, ал пән олимпиадаларынан жүлде алғандарға ноутбук немесе смартфон беріп келді…

— Иә, бұл әңгімені мен де естідім. Дегенмен неге мұндай айырмашылық бар екенін түсінемін. Мысалы, математикадан жарыс болса, оны ешкім қызығып көрмейді. Себебі қатысушы үш жарым сағат бойы ақ қағазға үңіліп, есеп шығарады. Ал хоккейшілер ойнаса, адамдар оны қызығып көреді. Себебі онда көрерменге сыйлайтын қызығушылық бар. Сәйкесінше, елдің танылуына спортшылардың әсері көп болған соң олардың сыйы да ауқымды болуы орынды.

Сонымен бірге спортшылардың дайындалуы, жеңіске жетуі сәл қиындау сияқты. Әрине, оқушылар да жарысқа дейін ұзақ дайындалады. Дегенмен пән олимпиадасына қатысқанның 30%-і медальмен оралады, бірақ қазір білім саласында жетістікке жеткен оқушыларға да түрлі марапат берілетінін де ескерген жөн. Жақында МИНИСТРЛІК балаларға мотивация болуы үшін түрлі қосымша сый болатынын айтты. Бұл – қуанышты хабар.

— Халықаралық олимпиадаға баратын оқушылардың шығынын мемлекет төлей ме?

— Иә, оқушылар шетелге жарысқа барғанда жолақысын және түрлі шығынын мемлекет төлейді, бірақ пандемияға байланысты қазір жарыстың көбі онлайн өтіп жатыр.

Педагог
Нұрсұлтан Қажымұратов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

— Қазір қандай жұмыспен айналысып жүрсіз?

— Олимпиаданың көбі Жаңа жылдан кейін басталады. Оған дейін оқушылармен Орымбек Жәутіков атындағы республика жарысы және тағы басқа республика, халықаралық олимпиадалаларға дайындаламыз.

— Не себепті математика пәнінің педагогы боламын деп шештіңіз?

— Мектеп кезінен математика пәнін сүйіп оқыдым. Университетте де қолданбалы математиканың қыр-сырымен танысып шықтым. Оқуды тәмамдаған соң таңдау көп болды. Түрлі бағытта қызмет атқаруға болар еді, бірақ жекеменшік білім орталығында оқушыларды математикадан олимпиадаға дайындау туралы ұсыныс түсті. Өзіме балалармен жұмыс істеу қызық болғанын ескеріп, бірден келістім. Сол кезден бастап осы саладамын.

2016 жылы Назарбаев зияткерлік мектебінен шақырту алдым. Әуеліде бұл мектепте оқушыларды тек олимпиадаға дайындап жүрдім. Кейінгі 3 жылдан бері кластарға дәріс беремін.

Кейбір пәндегі құбылыс, оқиға немесе мәселенің не екені, қайдан шыққанын түсіну қиын. Ал математикада бәрі түсінікті. Саған ешқандай артық заттың қажеті жоқ. Лабораторияда отырып, қандай да бір заттың құрамын анықтап, зерттеу жасамайсыз. Қолыңызда ақ парақ пен қалам болғаны жеткілікті. Нәтижесінде нақты жауап аласың. Математика осындай ерекшелігімен ұнайды.

— Әңгімеңізге рақмет!