Жергілікті тұрғын Жұмахан Тамабековтің айтуынша, Сарысу өзенінің бойында жауынқұрт қазып жатқан кезде байқап қалған. Мыстан құйылған бес тиын 1766 жылы жасалыпты. Үш ғасырға жуық жер астында жатқан тиынның беті аздап шіріген. Дегенмен, суреті мен жазуы сақталыпты. Зейнеткер жәдігерді музейге әкеліп тапсырды. Енді Қарағанды облысы тарихи-өлкетану музейінің қоры тағы бір құнды жәдігермен толықты.
Тарихшы Темірғали Аршабеков мұндай жәдігердің қымбат тұрмайтынын, дегенмен, Сарысу өзенінің бойында үлкен керуен жолының болғанын айтты.
1762 жылдан бастап 1796 жылға дейін Ресейде сенаттың шешімі бойынша Екатерина Екінші осындай мыс монеталар дайындата бастады. Бұлар миллионнан артық. Бұл монетаның сол кезеңдегі құны 5 тиын ғана. Көп қымбат тұрмайды. Бірақ та бұл жәдігердің ең басты құндылығы Сарысу өзені бойында үлкен көш керуен жолының болғанын дәлелдейді, – дейді Темірғали Аршабеков.