Елімізде 50 мың балаға арналған тегін спорт үйірмесі ашылады

Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті бас ассамблеясының отырысында Токио-2020 жазғы олимпиада ойындарының қорытындысы мен Бейжің-2022 қысқы олимпиада ойындарына дайындық іс-шаралары талқыланып жатыр.

Іс-шара барысында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бұқаралық спортты дамыту бағытындағы атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде спорттың дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Оның тікелей тапсырмасы бойынша Үкімет спорт саласын, оның ішінде бұқаралық спортты дамыту бағытында бірнеше нақты жұмыстар атқарылуда. Осыған байланысты біраз іс-шараны өздеріңізбен бірге жүргіземіз деген үлкен сенімдеміз. Жыл соңына дейін Елбасының ең мұқтаж қалалар мен ауылдарда 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы бастамасын іске асыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған, − деді Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер мамыр айынан бастап мемлекеттік спорт тапсырысы іске қосылғанын еске салды.

Бірінші кезеңнің өзінде ғана бұл жүйе 50 мың баланы тегін спорт үйірмесімен қамтуға мүмкіндік берді. 3,5 мың спорт нұсқаушысын дайындау жұмысы жүріп жатыр. Әр ауылдық округте халық спортпен қамтылады. «Саламатты ұлт» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай спортпен жүйелі айналысатын халықтың үлесін 31 пайыздан 50 процентке дейін көтеру мақсаты қойылып отыр. Біз бұл мақсатқа қол жеткізу оңай болмайтынын түсінеміз. Бірақ бұл бағытта барлық әкімдерге ауқымды жұмыс бастау керек болады. Бұл бағытта бірқатар нақты ұсыныстар айтылған. Осы шаралардың бәрі бұқаралық спорттың дамуына ғана емес, талантты спортшыларды дайындауға да ықпал етеді деп ойлаймыз, − деді вице-премьер.