Тараз маңындағы жарылыстан қаза тапқандардың несиесі жабылды

Өңір басшысы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, марқұмдардың және олардың отбасыларының банктегі, қаржы ұйымдарындағы берешектерін өтеу бойынша жұмыстар жүргізілгенін жеткізді.

Үкімет, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Жамбыл облысының әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржы ұйымдарымен бірлесіп қаза тапқандар отбасыларының борыштық жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдады. Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде қайтыс болған қарыз алушылар мен қалған жесірлердің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім қабылданды. Бүгінгі таңда 47 қарыз бойынша барлық берешек өтелді, − деді Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Оған қоса, қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай түрде көмек көрсетілген.

Айта кетейік, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және республикалық бюджет қаражаты есебінен 14 отбасына асыраушысынан айырылу бойынша 76-мыңнан 260 мың теңгеге дейінгі ай сайынғы жәрдемақы тағайындалды. Қазан айынан бастап белгіленген бұл жәрдемақының мөлшері отбасы асырауындағы адам санына қарай төленеді.

Үкіметтік қордан қаза тапқандардың әр отбасына 10 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетуге жалпы 170 миллион теңге сомасында қаражат бөлінді. Сол секілді, облыстық бюджет (әрбір отбасына 5 миллион теңге) есебінен материалдық көмек көрсетуге 85 миллион теңге қаралды. Бұл қаражат толық көлемде қаза тапқандардың шотына аударылды, − деді облыс әкімі.

Сонымен бірге қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан әскерилердің соңғы атқарған лауазымы бойынша еңбекақысына байланысты бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде мұрагерлеріне біржолғы өтемақы төлеу жүргізілетін болады.