ASUS компаниясы геймерлер мен сапалы техника қалайтын жандарға арнап тағы бір сәтті ұсынысын әзірлепті. Жалпы, ұтымды шешімдер мен модельдер тізімін ұдайы жаңартып отырудың арқасында бұл бренд ойын ноутбуктері нарығында көшбасшылар қатарына шыққан болатын.

Бүгін біз шолу жасап, ұсынып отырған ROG Zephyrus M16 GU603 құрылғысы ASUS-қа сол биікте қала беруге көмектесетін сыңайлы, себебі күтпеген бірнеше жаңалығымен таң қалдыра алды. Мәселен, компания инженерлерінің 16 дюймге 16:10 пропорцияны сыйғызып жібергенін айта аламыз. Немесе сырт көзге сыпайы, сымбатты көрінетін дүниенің ішінде қандай қуатты механизмдер жасырылып жатқанын атауға болады.

ROG Zephyrus M16 GU603 қорабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шолуды әзірлеуге ROG Zephyrus M16-ны қолданып көрген геймер Алтынбек Төлмәй көмектесті. Алтынбек 22 жаста, компьютер ойындарына қызыққанына 9 жылдай болған. Жақсы көретін жанры – action, шутерлер.

Қораптан шыққан компьютер қандай екен?

Дәстүрлі ROG стиліндегі қара қаптамаға оралған дүние қолымызға тиісімен ішінде не бар екенін білуге асықтық. Ноутбуктың өз қорабының бір бөлігінде қара фонда ROG Zephyrus деген жазу бар екен. Ақ түсті екінші жартысында Republic Of Gamers сериясының логотипі бейнеленіпті.

Сондай-ақ брендтелген ROG рюкзагын да осыннан табасыз. Сөмке сапалы материалдан жасалған, құрылғыны алып жүруге өте қолайлы.

ROG Zephyrus M16 GU603 қорабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қорап картоннан жасалған, алайда берік, ұнамды материал болып сезілді. Қақпағын ашқанда іштегі ноутбук сәл көтеріле түседі, яғни алғанға ыңғайлы. Оның астында түрлі нұсқаулық пен конвертті көрдік, сонымен қатар қуат алуға арналған блок пен кабель бар (айтпақшы, толық қуаттау үшін 2 сағат көлеміндегі уақыт жеткілікті дейді).

ROG Zephyrus M16 GU603. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ноутбуктың қақпағы металдан жасалған, қара түсті. Жартылай тегіс, жартылай майда тесікшелермен (дәл саны 8279 екен) безендірілген. Бұл тесікшелерге түскен жарық іштегі арнайы пленкадан қайтып түрлі-түсті градиент тудырады.

ROG Zephyrus M16 GU603. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Republic of Gamers жазу. Бұл бренд 2006 жылы құрылған болатын. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Ноутбук конфигурациясы

 Софты Сипаттамасы
Процессор Intel Core i9-11900H 2,5 ГГц (кэш-жады 24 МБ, 4,9 ГГц дейін, 8 ядро)
немесе
Intel Core i7-11800H 2,3 ГГц (кэш-жады 24 МБ, 4,6 ГГц дейін, 8 ядро)
Операциялық жүйе Үйде қолдануға арналған Windows 10
Видеокарта NVIDIA GeForce RTX 3070, такт жиілігі 1390 МГц дейін, 8 Гб GDDR6
немесе
NVIDIA GeForce RTX 3060, такт жиілігі 1525 МГц дейін, 6 Гб GDDR6
немесе
NVIDIA GeForce RTX 3050 Ti, такт жиілігі 1585 МГц дейін, 4 Гб GDDR6
Дисплей 16 дюйм (16:10): WQXGA (2560 x 1600)
Антиблик жабын
Жаңару жиілігі: 165 Гц
Жауап уақыты: 3 мс
IPS-level, Adaptive-Sync, Pantone Validated
Оператив жады 16 Гб DDR4 (орнатылған)
48 Гб дейін көтеруге болады
немесе
8 Гб DDR4 (платада)
8 Гб DDR4-3200 SO-DIMM
40 Гб дейін көтеруге болады
Жады 512 Гб SSD
немесе
1 Тб SSD
немесе
2 Тб SSD
Не қосуға болады 1x 3,5 мм біріктірілген аудиотетік
1x HDMI 2.0b
1x USB 3.2 Gen2 Type-A
1x USB 3.2 Gen 1 Type-A
1x USB 3.2 Gen2 Type-C / DisplayPort / қуат алу көзі
1x RJ45 LAN
1x слот microSD
1 x Thunderbolt 4 / DisplayPort / қуат алу көзі
Басқару Мембранды клавиатура түрлі-түсті (RGB) жарықпен, тачпад
Камера 720P HD
Аудио Smart AMP интеллектуал күшейту технологиясы
Аудио Dolby Atmos
Шу басуға арналған интеллектуал технология
Микрофон
Smart AMP интеллектуал күшейту технологиясы бар төмен жиілікті 4 динамик және жоғары жиілікті 2 динамик)
Желі Wi-Fi 6, Bluetooth 5.2
Аккумулятор 90 Вт·с, 4S1P, 4 ұяшық, литий-ионды
Қуат алуы 240 Вт қуат беру блогы
Салмағы 1,90 кг
Ұзындығы-ені-қалыңдығы 35,5 x 24,3 x 1,99 см
Қауіпсіздік BIOS-қа кіру және операциялық жүйені жүктеуді құпиясөзбен бұғаттау мүмкіндігі

Саусақ таңбасы сканері

ROG Zephyrus M16 GU603 қорабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
ROG Zephyrus M16 GU603. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Корпустың өзі сүйірленіп барып біткен және дисплей жақ ұзындығындағы резеңке табаны сәл биіктеу. Бұған ErgoLift деген фирма шарнирі көмектеседі. Бұл қолданушы үшін ыңғайлы болатын секілді, себебі әлдебір операция орындау үшін клавиатураға созылып, төнудің қажеті жоқ – өзі-ақ көтеріліп, бейімделіп тұрады. Оның үстіне үстелге жабыспай, бір бетінің сәл көтерілгені астындағы тордан ауа кіргізіп, дұрыс желдетуге де көмектеседі.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Топсалары мығым. Жапқан кезде қақпағы клавиатура панеліндегі екі магнитке ілінеді. Алайда бір қолмен ашуға болады, корпусы бірге көтеріліп, мазаңды алмайды. Резеңке аяқшалары аппараттың сырғып кетпеуін қамтамасыз етеді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жалпы, ноутбуктың өзі салыстырмалы түрде алғанда жұқа және жеңіл. Қалыңдығы бар болған 2 сантиметр шамасында, ал салмағы 2 килограмға да жетпейді. Әрине, мұндай параметрі бар аппарат дүкендерде көп қой дерсіз, бірақ ішінде қандай қуат жатқанын әрі мұның ойын ноутбугы екенін ескерсек, қаншалық қолайлы екенін түсінеміз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Құрылғының алуан түрлі қосу нүктесі бар. 3,5 мм аудиотетікті де, HDMI көзін де, 3 USB нүктесін де, microSD слотын да таба аласыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Клавиатураның өзі саусаққа жайлы, оңай теріледі. Тачпад да жылдам жауап қайтарады. Сенсор панелі жұғымды, барлық командаға бірден ілеседі. Ойын ойнауға арналған дүние болған соң мұның бәрі тез жұмыс істеп, аса қолайлы болғаны аса маңызды.

Желдеткіші компьютердің артында және жанында орналасқан. Сонымен қатар үш жарық диодын көруге болады, олар құрылғының жұмысы, қуаты және жүйе дискінің жүктелген-жүктелмегені туралы хабар береді.

Геймер ретінде дизайн конструкциясының бір қарағаннан ұнағанын айта аламын. Тым гибрид болып кетпегенін және аса қарапайым да көрінбейді. Өз ерекшелігі бар, минимализм тән құрылғы. Бірінші кезекте мен техниканың жылдам қосылуына мән беремін, бұл тұрғыда ROG Zephyrus M16 көңілден шықты, оның үстіне тек осы ноутбукқа тән ұнамды тұстары бар екен. Клавиатура мен экранның жалғасуы, порттарының орналасуы да ыңғайлы, — дейді Алтынбек.

Дисплейі қалай екен?

Алайда ROG Zephyrus M16 тек күні-түні ойыннан бас көтермейтін қолданушыға арналған десек қателескен болар едік. Түптеп келгенде, ROG сериясының өзі әмбебеп, яғни бұл санаттағы аппараттарды кеңседе жұмыс істеуге де, видеоға немесе графикаға салуға да, үйде қолдануға да әбден болады емес пе? M16 осы дәстүрден таймапты – ішкі сипатаммасы аса қуатты, алайды сырт көрінісі көркем, жеңіл, ыңғайлы құрылғы болып шығыпты.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Бұл ноутбуктың басты ерекшелігі – ASUS мамандарының 16 дюймдік ноутқа апарып 16:10 пропорциялы экранды орната алғаны. Ол үшін экран жиегін жұқа қылған (жанында бар болғаны 3 мм, ал жоғарғы бөлігінде 7 мм). Осының арқасында ең ауыр деген ойындарды ойнап қана қоймай, жайланып отырып видео-фото-графика файлдарымен да жұмыс істеуге, түрлі документтерді қарастыруға болады. Ол аз десеңіз, экранды 180 градусқа жайып жіберуге болатыны тағы бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Экраны антиблик жабынмен қамтамасыз етілген. Матрицасы өте тұнық: күн астында отырып қарасаң да анық көрінеді. Жаңару жиілігі 165 Гц-ке дейін барады, жауап жылдамдығы – 3 мс. Жалпы, бұл тұрғыда еш проблема болмауы керек, себебі NVIDIA GeForce RTX видеокартасы (мейлі 3050 Ti, мейлі 3060, мейлі 3070 болсын) барынша ауыр жүктемені алып шыға алады.

Adaptive-Sync технологиясын бөлек атап өту керек: бұл экрандағы суреттің «жыртылмауына» және қимыл-қозғалыс кезінде бұлдырап, бұзылып кетпеуіне жауап береді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шынымды айтсам, бұған дейін менде ойын ноутбугы болмаған еді. Негізінен дербес компьютерде ойнаймын. Алайда ROG Zephyrus M16-ны тестілеп көріп, оның менікі секілді дербес құрылғыларға еш есе жібермейтініне көз жеткіздім. Сапасы жағынан болсын, деңгейі тұрғысынан болсын кем түспейді. Ешқандай глюк, лаг немесе кешеуілдеу байқамадым — Алтынбектің пікірі осындай.

Ішінде не бар екен?

Ноутбуктың бар байлығы-шайлығы осында. Сырт көрінісінің сымбатты, сәнді әрі біртекті екеніне қарамастан, қуатты процессормен (кем дегенде Core i7-11800H) және NVIDIA GeForce RTX (3050 Ti не 3060 не 3070) видеокартасымен жабдықталған. Осының арқасында баптаулары барынша жоғары деңгейдегі ойын ойнауға да, видео редакциялауға да немесе стрим жүргізуге де болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Оператив жадысы 16 Гб, оны 40 немесе 48 Гб-қа дейін көтеріп ала аласыз.

Аккумулятор 10 сағатқа дейін шыдас береді, ал Type-C арқылы батареяны 50%-ға жарты сағатта қуаттау мүмкіндігі бар.

Жады SSD форматта және 512 Гб пен 2 Гб аралығында.

Дыбысы жақсы шыға ма?

Dolby Atmos технологиясындағы алты динамик осы тақілеттес құрылғылардың арасында ROG Zephyrus M16 үздігі етіп тұруға үлесін қосыпты. Оған қоса стереода, бір немесе бірнеше бағытты бірден қамти алатын бірнеше микрофоны орналастырылған.

Жиілігі жоғары динамиктер жоғары бағытталған және клавиатураның жанынан шығады, ал жиілігі төмен динамиктер корпустың алдыңғы жағында орналасқан.

Мұның бәрі достарыңызбен Discord-та отырып, экшн-ойында жаудың базасын бірге шабуылдауға немесе сүйікті сериалыңызды тамашалауға қолайлы жағдай тудырады.

Қорытынды

Шағын келген, алайда ойын ойнауға немесе ауыр бағдарламалармен жұмыс істеуге жарайтын ноутбук іздеп жүрген болсаңыз, Asus ROG Zephyrus M16 қарастырып көруге кеңес береміз. Мұның жәй ғана жаңа модель деп атау қиын. 16 дюймдегі үлкен экран, жұқа корпустағы аса күшті софты бар техника шынымен жаңалық болып отыр және кез келген талапқа жауап бере алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Сырт көрінісі сәнді, үлкен экраны бар, түстерді дұрыс жеткізеді, жаңару жиілігі жоғары. Дыбысы қуатты, жақсы шығады. Ішкі құрылымының да қай-қай дүниеге болсын шамасы жетеді. Сондықтан мұны тек геймерлер ғана емес, сұранысы жоғары кез келген қолданушы пайдалана алады дер едік.

НОУТБУККЕ ШОЛУ ASUS ҚОЛДАУЫМЕН ЖАСАЛҒАН

Asus logo