Басты бетЖаңалықтарАмандық Баталов...

Амандық Баталов мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым салды

Өңір басшысы Амандық Баталов спорт саласының бірқатар мәселе бойынша жиын өткізді.

Жиын барысында Талдықорғандағы жүзу бассейнінің жұмысына қатысты талқыланды. Амандық Баталов бассейннің ең алдымен қала тұрғындары үшін салынғанын айтты.

Олай болса, неге қарапайым азаматтар бассейнге бара алмайды?, – деп әкім сұрақты төтесінен қойды.

Жабық жүзу бассейнінің директоры Мерей Сүйіновтің айтуынша, мекеменің басқару формасы «Су спорты түрлері бойынша облыстық мамандандырылған мектеп» КММ болып құрылғандықтан ересектерге ақылы қызмет көрсетуге заңдық құқығы жоқ екенін, ал абонементтік қызмет көрсету үшін басқару формасына өзгерту енгізу керектігін жеткізді. Сол сияқты қазіргі кезде бассейн санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкес кешкі сағат 17:00-ге дейін ғана жұмыс істеп тұр. Қалыпты жағдайда спорттық мекеме өз жұмыс уақытын түнгі сағат 22:00-ге дейін ұзарта алады.

Амандық Баталов бассейн ең алдымен қарапайым халық үшін салынғанын тағы да еске салды.

Әрине, онда кәсіби спортшылар, балалар жаттығуға тиіс. Басқа қалалардағы спорттық командалардан да біздің 52 метрлік бассейнде жаттығуға сұраныстар түсіп жатқанын білемін. Спорттық нысан қала тұрғындарына да міндеті түрде қызмет көрсетуге тиіс. Бассейннің басқару құрылымын қалай өзгертесіңдер, абонемент арқылы қызмет көрсетуді қалай жолға қоясыңдар, осының бәрін жүйелеп, нақты ұсыныс әкелу үшін 10 күн уақыт беремін. Бірден айтайын, мемлекеттік қызметшілердің бассейнді тегін пайдалануына тыйым саламын. Қарапайым халықпен қатар абонемент сатып алып барсын. Бассейнге арнайы гид штатын белгілеңдер. Ол ниет білдіргендерге барлық бассейн, фитнес залдарын аралатып, таныстыратын маман болуы керек. Әрине, бассейн жұмысында барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтау – ең басты назарда болуға тиіс, – деді Амандық Баталов.

Еске салсақ, бүгінде жабық жүзу бассейнінде 21 жаттықтырушы 1126 баланы су спортының үш түрінен жаттықтыруда. Кезекте тағы 2 мыңнан астам бала тұр. Жаттықтырушылардың жұмысқа тартылуына қарай балалар іріктеуге кезек ретімен шақырылатын болады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүзумен айналысуына арнайы уақыт белгіленген.