Басты бетЖаңалықтарНұр-Сұлтанда бірнеше...

Нұр-Сұлтанда бірнеше мектепке тарихи тұлғалардың есімі берілді

Елордамыздың 10 мектебі мен 2 мәдениет мекемесіне тарихи тұлғалардың есімін беру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 23 қыркүйектегі № 669 қаулысы шықты. Мұны мекеме ұжымдары, ғалымдар, зиялы қауым, жалпы көпшілік көптен күтіп жүр еді, − деп жазды Нұр-Сұлтандағы тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Facebook парақшасында.

Сәкен Есіркеп бүгін жазушы Мұхтар Әуезовтің туған күні екенін еске салып, оқырмандарын құттықтады.

Құтты болсын! Бүгін ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің туған күні. Сондықтан бүгінгі жаңалық әйгілі қаламгердің 124 жылдығына жақсы сый болды деп ойлаймын. Алдымызда әлі біраз мектеп пен мемлекеттік нысанға да ірі тұлғаларымыздың атын беру жоспарда бар. Бәрі өз ретімен, қолданыстағы заңнамалық рәсімге сәйкес іске асады, − делінген жазбада.

Сонымен, № 35 мектеп-лицейге Нəзір Төреқұловтың;
№ 51 мектеп-гимназияға Мұстафа Шоқайдың;
№ 53 мектеп-лицейге Бауыржан Момышұлының;
№ 54 мектеп-лицейге Ақселеу Сейдімбектің;
№ 61 орта мектепке Қаныш Сəтбаевтың;
№ 67 гимназияға Ілияс Есенберлиннің;
№ 74 мектеп-гимназияға Мұқағали Мақатаевтың;
№ 78 мектеп-гимназияға Смағұл Сəдуақасұлының;
№ 86 мектеп-гимназияға Мұхтар Әуезовтің;
№ 90 гимназияға жазушы Қайым Мұхамедхановтың;
Нұр-Сұлтан әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясына Еркеғали Рахмадиевтің;
Нұр-Сұлтан əкімдігінің Nomad City Hall театрына Əзірбайжан Мəмбетовтің есімі берілді.