Бұл туралы Astana Media Week – 2021 медиа апталығы аясындағы «Медианы дамыту стратегиясы» атты дөңгелек үстел барысында ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев айтты.
Ең алдымен ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы тек қана аудиторияның қалауын емес, сонымен бірге саланың негізін де өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Цифрлық технологиялар дамығаннан кейін ақпарат БАҚ-тың монополиясы болудан қалды және ақпарат біржақты таратылмайды. Яғни, интернет пен әлеуметтік желінің дамуы себепті БАҚ-та монополия жоқ. Ендігі уақытта БАҚ бұқаралық ақпарат құралынан бұқаралық коммуникация қызметіне айналып барады. Яғни, өзінің қызметін өзгертуде. Қазіргі уақытта БАҚ қызметі бұрынғыдай ең алдымен ақпараттандыру емес. Қазіргі уақытта әлеуметтік желінің кез келген қатысушысы ақпарат таратады, — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта БАҚ-тың негізгі қызметі белгілі бір ақпараттың мән-жайын нақтылау, сарапшыларды тарту арқылы орын алған жайтты түсіндіру және қаже болған жағдайда ақпаратты терістеу болып отыр.
Біз байқап отырған екінші өзгеріс пандемия халықпен өзара іс-қимылдың стратегиясы мен жаңа әдістерін қайта қарау қажеттігін жеделдетті, — деді Кемелбек Ойшыбаев.
Вице-министр пандемия көп өсек-аяңның туындауына, фейктің таралуына түрткі болды және бұл көп ел үшін күрделі проблемаға айналғанын айтты.
Біздің міндетіміз қоғам қорқынышымен күресу болды. Әдістерді өзгертуге де тура келді. Бұрынырақ та аз болмаған фейктер өткір маңызға ие болып, олардың таралуы арта түсті. Тіпті Stopfake.kz арнаулы ресурсын құруымызға да тура келді. Жоба «медиаға арналған медиа» қағидатымен жұмыс істейді. Күн сайын сайт материалдарын ірі басылымдар көшіріп басады. Пандемия басталғаннан бері, коронавирус, пандемия, вакцинация және жалпы Қазақстан туралы 1 800-ден астам фейк әшкереленді, — деді ол.