Биыл 173 мұғалім – «Үздік педагог» атағына үміткер  

Ауқымды байқауға қатысушылар арасында 132 мектепке дейінгі және орта білім беру, 41 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогтары бар. Олардың барлығы аудандық, қалалық және облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша ұсынылды.

Былтырдан бастап конкурсқа қатысу үшін өтінімдер, материалдар электронды форматта қабылданды. «Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар мұғалімдер үміткер бола алады. Конкурс шеңберінде педагогтің білім беруді дамытуға қосқан үлесі, педагог қызметінің нәтижелілігі және оның кәсіби шеберлігі ескерілетін болады, − деп атап өтті мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Республикалық конкурстық комиссияның қазылар алқасының құрамына қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қауымдастығының, «Атамекен» ҰКП өкілдері, журналистер, белсенді педагогтар, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері және тағы басқалар кірді.

Айта кетейік, «Үздік педагог» республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Конкурс аясында 500-ге жуық мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының мұғалімі марапатталды.

«Үздік педагог» атағының иегерлері төсбелгі мен 3 миллион теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы алады.

Республикалық марапаттан басқа, «Педагог мәртебесі туралы» заң шеңберінде әкімдіктер біржолғы ақшалай төлемдері бар жергілікті наградаларды тағайындады.

Мысалы, Павлодар облысында облыстық байқаудың жеңімпаздары 300 АЕК мөлшеріндегі сыйақыға ие болды. Шығыс Қазақстан облысында жергілікті бюджет қаражатынан 800 мың теңгеден астам сыйақы табыс етілді. Басқа да өңірлерде үздік мұғалімдер 300 АЕК көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы алды.