Жамбылда қаза тапқан өрт сөндірушілердің отбасына 20 миллион теңге беріледі

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин материалдық көмек сомасы неден тұратынын айтты.

Үкімет тарапынан әр марқұмның отбасына 10 миллион теңге аудару туралы шешім қабылданды. Бес миллион теңге-жергілікті бюджет есебінен болады. Ерікті түрде тілек білдірген қызметкерлер бір күндік жалақасын жинады. Сөйтіп, министрлік есебінен 5 миллион теңге – ерікті түрде тапсырылды. Сонымен қатар қайтыс болған азаматтардың балаларына көмек беріледі. Мемлекет тарапынан міндетті сақтандыру жағдайы бар қызметкерлердің отбасына 60 айлық ақшалай үлес төленетін болады, − деді министр.

Еске сала кетейік, 26 тамызда Жамбыл облысындағы әскери бөлім аумағында өрт және оқ-дәрілердің жарылысы болды. Жарылыс салдарынан 17 адам қаза тапты. Олар азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, қорғаныс министрлігінің 6 әскери қызметкері және әскери прокурор.