Басты бетЖаңалықтарҚазақстандықтар зейнетақы...

Қазақстандықтар зейнетақы қорына қанша қаражат қайтарды?

Мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың 23 қыркүйегіндегі жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 438 834 өтініші орындалды.

Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,8 триллион теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,2 миллион теңге, – делінген хабарламада.

Белгілі болғандаай, орындалған өтініштердің ең көбі Алматы (16,9%), Маңғыстау (14,0%), Нұр-Сұлтан (12,9%) тұрғындары тарапынан жолданған.

Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 240,7 миллиард теңгеден аса сома қайтарылды. Себебі қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Сонымен бірге қор емделуге берілген 40,1 миллиард теңгеден астам сомаға 43 453 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,9 миллион теңгені құрайды екен.

Ал салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 6,1 миллиард теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.