2022 жылы баспана қымбаттайды

Талғат Ерғалиев биыл құрылыс материалдары 60%-тен 90%-ке дейін шарықтап кеткенін атап өтті.

Құрылыстың құнын арзандау туралы айтсақ, 2014-2015 жылдары үшінші-төртінші класты тұрғын үйдің шаршы метрі 1,5-2 мың долларға сатылса, қазір олар 750 долларға өтіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда құрлыскомпаниялары салған үйінің өзіндік құнын ғана ақтап жатыр. Баспана тапшылығының қалыптасуына құрылыс компаниялары кінәлі емес. Бүгінде құрылыстың өзі 35% − 40% қымбаттады, − деді Талғат Ерғалиев БАҚ өкілеріне берген сұхбатында.

Сонымен бірге ол келесі жылдың көктемінде баспана бағасы айтарлықтай қымбаттауы мүмкін екенін жеткізді.

Қисынға салып қарасаңыз, құрылыстың өзі 35%-40% қымбаттаса, шаршы метрдің құны бар болғаны 15%-ке қымбаттағанның өзінде бағаның өсіп кеткенін көреміз. Коммерциялық тұрғын үй салушылар бағаны бір түнде көтеріп жатқан жоқ. Олар бағаны біртіндеп, баяу көтереді. Біз мұны нақты биылғы талдауға ғана сүйеніп айтып тұрған жоқпыз. Бұл құрылыстың барлық кезеңін талдау арқылы алынған болжам, − деді Талғат Ерғалиев.