Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанда Еуропа қайта құру және даму банкі қызметі кезеңінде экономиканың қаржы, инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, энергетика, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар сияқты басым салаларында жалпы сомасы 10 миллиард доллардан астам 300-ге жуық жоба қаржыландырылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы көлемі 600 миллион еуро болатын бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде келісімдерге қол қойылады, — деді Асқар Мамин.
Еуропа қайта құру және даму банкінің инфрақұрылымды дамытуға қатысуын одан әрі кеңейту, Қазақстанның энергетикалық секторын декарбонизациялау бағдарламасын, «Жасыл қалалар» жобаларын іске асыру, кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту, сонымен бірге шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері қаралды.
Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын, Алматыдағы Асфендияров атындағы аурухананы және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде денсаулық сақтаудың басқа да объектілерін салу жобаларына ерекше назар аударылды.
Келіссөз қорытындысы бойынша Алматының әуежайын жаңғырту және кеңейту, «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын реконструкциялау жобалары бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Айта кетейік, кездесуге премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков қатысты.