Басты бетЖаңалықтарБердібек Сапарбаев...

Бердібек Сапарбаев «Әулие-Ата» ескерткішін алып тастау туралы ұсынысқа жауап берді

Онлайн режимдегі қабылдауда Тараз тұрғыны Қуанышбек Әлишеров көне шаһардағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінде орналасқан «Әулие-Ата» ескерткішіне адамдар табынып жатқанын айтып, алып тастауды ұсынды.

Қуанышбек Әлишерұлы ескерткішке табыну Ислам шариғатына сәйкес келмейтіндіктен осындай ойға келгенін айтады.

Алайда, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл ескерткіштің діни негіздегі нысан еместігін түсіндірді.

Мұндай ескерткіштер табыну орындары емес. Көпшілік Жамбыл облысы десе, «Әулие-Атаны» еске түсіреді. Тіпті, бірқатар азамат бұл жерді «Әулие-Ата» өңірі деп те атайды. Ал біз жас ұрпаққа «Әулие-Ата» кім екенін тек сөзбен ғана жеткізбей, осындай ескерткіштермен ұғындыра аламыз. «Әулие-ата» ескерткіші – монументтік өнер құрылысы. Ол ескерткіш орнатылған орын туристерге тарихы терең Тараздың кешегісін танытып, тынығуға арналған, – деді өңір басшысы.

Өңір басшысы осы секілді тарихи, мәдени ескерткіштер келешек ұрпаққа өз елінің, жерінің өткенін танытатын құрал екенін айтты.

Қазақстан зайырлы және құқықтық мемлекет. Діни ұстанымдар әр адамның өзіндік наным-сеніміне қарай жүргізіледі. Егер сол ескерткішке табынатындар болған жағдайда сондағы бейнебақылау камералары арқылы анықталып, тәртіпті қадағалаушы полиция қызметі тарапынан түсіндірме жұмысы жүргізіледі, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы заңына сәйкес, монументтік өнер құрылыстары – тарих және мәдениет ескерткіштеріне жататындықтан, діни бағыттағы нысан емес. Конституцияның 1-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп көрсетілген.

Айта кетейік, «Әулие-Ата» ескерткіші Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған «Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі» комиссия отырысында 2019 жылдың 25 қазанында қаралып, бір ауыздан шешім қабылданып, орнатуға рұқсат берілген.